Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, үндеу жолдады

0

 

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, үндеу жолдады.

Бұл туралы Elbay.kz сайты жариялады, — деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қымбатты қазақстандықтар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сан ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамы бүгінде ел бірлігінің, келісім мен тұрақтылықтың жарқын символына айналып отыр.

Қазақ халқының ұлы мәдениеті мен бай салт-дәстүрінен бастау алған мереке ізгілік пен ынтымақ, татулық пен сыйластық сынды мәңгілік құндылықтардың жаршысы саналады. Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде болып жатқан оқиғалар бұл мейрамның маңыздылығын одан әрі арттыра түскені сөзсіз. Ол бізге қоғамдағы келісімнің, көпұлтты еліміздегі тыныштық пен мамыражай өмірдің қадірін түсінуге көмектеседі.

Тіршілікті түлеткен көктем мерекесі жанымызды жадыратып, Отанымыздың игілігі жолында жаңа жетістіктерге жету үшін бойымызға күш-қуат пен сарқылмас жігер береді. Ұлыстың ұлы күнінде баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әз-Наурыз шаңырақтарыңызға ырыс пен молшылық әкелсін!», – деді экс-президенті.

Еске салсақ, бұған дейі Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиге ұшып кеткені туралы ақпарат шықты.

Бұған дейін, Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы жұбайы Гүлмира қамауға алынды.

Бұл туралы ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі растады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады» делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды.

«16 наурызда Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды» делінген хабарламада.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге ​​жатпайды.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Қазақтелеком» АҚ-ның аса ірі көлемдегі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаржысын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болған. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Антикор басшысы Олжас Бектенов Сатыбалдыұлының Алматы әуежайы аумағында ұсталғанын және Дубайға ұшпақ болғанын айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы ұрлықтың бірқатар түрлері бойынша қаржы көлемі анықталып жатқанын айтты. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» кеңселері де тінтілуде.

– Менің ойымша, біз тиісті сараптамалар жүргізгеннен кейін ұрланған қаржы көлемін айта аламыз. Әзірге белгілісі әңгіме миллиардтаған ақша туралы, – деді ол.

(Фото Reuters-тен алынды)