Рамзан Қадыров бір жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктеріне 14 рет барып, виллада демалған

0
510

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров соңғы бір жылдың ішінде Біріккен Араб әмірліктеріне (БАӘ) 14 рет барып, жеке виллада демалған.

Бұл туралы «Украинская правда» басылымы ұшақтардың қозғалысына мониторинг жасайтын қызметтердің және Қадыров айналасындағы адамдардың әлеуметтік желідегі мәліметтеріне сүйеніп хабарлады.

Басылым мәліметіне қарағанда, Шешенстан басшысы тоқтаған вилла жасанды жолмен салынған Палм-Жумейра аралында орналасқан. Оның бір тәулігі 3 мың доллар тұрады.

Рамзан Қадыров бұл бойынша ешқандай пікір білдірмеді.

Осыған дейін ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың командасы аталған аралда Украинаның «Донецк халықтық республикасы» деп аталатын жікшіл аймағының бұрынғы басшысы, қазір Мемлекеттік дума депутаты Александр Бородай сатып алған апартаменттер бар екенін, олардың бағасы 450 мың еуро болатынын анықтаған. Бородай бұл ақпаратты растамаған.