«Ресей құлайды. Ешқашан империя бола алмайды»: Әйгілі Джордж Фридман Қазақстан туралы не болжаған

0
911

Әлем елдері мен Ресейдің болашағы туралы көп жазған Әйгілі Джордж Фридман Қазақстан туралы да болжаған. Қазірге дейін оның соңғы 10 жылдағы болжамдары дәл келіп жатыр екен. Бұл туралы Жұлдыз Төлеу  жазды деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Қазір хит болып жатқан америкалық саясаттанушы Джордж Фридманның (George Friedman) «Алдағы 100 жыл: 21 ғасырға болжам» (The Next 100 Years: A Forecast for the 21st Century) кітабын оқып шықтым. Кітап 2009 жылы басылып шыққан. Соңғы 10 жылдағы болжамдары дәл келіп жатыр.

Ресейдің Украинаның шығысын аннексиялап алатынын, Беларусьты уысында ұстайтынын, соңында Украинаға соғыс ашатынын дәл болжаған. Тіптен жылдарына дейін айна-қатесіз айтқан. Орталық Азияға қатысты да айтылған.

Америкалық саясаттанушы елдердегі мәдени даму үш кезеңнен тұрады дейді.

Бірінші – варварлық мәдениет. Яғни тағылық мәдениет өкілдері өзі ұстанатын дәстүрді табиғаттың заңы деп есептейді. Олар өзінен жат мәдениетті ұстанатындарды қарғыс атқандар деп есептейді де, өзгелерді өзінің мәдениетіне бағыну керек, болмаса өлтірілу керек деп санайды.

Үшінші кезең – декаданс. Яғни құлдырау. Бірнәрсе үшін күресетін ештеңе жоқ. Ештеңе ешқашан өзгермейді деген пиғылдағы мәдениет.

Екінші кезең – Өркениет. Бұл дамудың ең сирек кездесетін кезеңі. Өркениетті мәдениет бір-біріне қарама- қайшы идеяларды салыстырып ойлай алады. Олар қателесетінін де біледі. Әдетте мәдениет жабайылықтан өркениетке, сосын құлдырауға өтеді.

Еуропа XVI ғасырда варварлық мәдениетті бастан өткерген. XVIII-XIX ғасырларда өркениет кезеңінде өмір сүрді. XX ғасырда Еуропа мәдениеті құлдырай бастады.

Ал Ресей үкіметі 100 жыл бойы Еуропаны қуып жетпек болып, елін модернизациялауға ұмтылды, бірақ ешқашан бұл мақсатына жете алған емес дейді. 2000 жылы стратегиясын өзгертті. Өндіріс саласын қолға алып, дамытудың орнына шикізатты, табиғи байлықтарын экспорттаушы ғана елге айналды. Мұнай-газ қымбат болып, орасан ақшаға кенелді. Бірақ бұл ақшаны ел экономикасын дамытуға емес, әскерін күшейтуге жұмсады. Ресейдің ендігі амбициясы – бұрынғы Совет одағы елдерін қайтадан қарамағына қайтарып, СССР-ды қалпына келтіру.

Бірақ саясаттанушы Ресей бұл амбициясына жете алмайды дейді. Джордж Фридманның кітабынан саммари жасайтын болсам былай:

✅ Ресей Украинаға жасаған шабуылынан ел экономикасы қатты құлдырайды. Бұл Ресейдің құлауына әкеледі. Ол ешқашан империялық ел бола алмайды. Шешенстан бөлінеді. Ішіндегі мұсылман елдер де бөлініп шығады.

✅ Қытай Ресейден бойын аулақ ұстайды. Үшінші онжылдықта Ресей түпкілікті құлдырайды. Ресей құлдырағаннан кейін Түркия мен Польша бас көтереді. Беларусь пен Украина Польшаның ықпалына өтеді. Польшаға АҚШ қолдау көрсетеді. Еуропада Франция мен Германия бұрынғыдай ықпалды елдер бола алмайды.

✅ Финляндия Карелияны қайтарып алады. Румыния Молдавияны, Үндістан Тибетті азат етуге көмектеседі. Тайвань Қытай ықпалындағы Тайвань бұғазына билігін жүргізеді. Жапония Ресейдің Қиыр Шығысына және Қытайдың жекелеген аудандарына үстемдік құрады.

✅ Түркияның Орталық Азияға ықпалы күшейеді, былайша айтқанда билігін жүргізеді. Түркия сонымен бірге Қытайдың мұсылмандар тұратын аймағына да ықпалын жүргізе бастайды.

✅ Қытай өзге эксперттер айтқандай, XXI ғасырда көш бастайтын ел бола алмайды. Қытай «қағаз барыс». 40- жылдарға қарай экономикалық құлдырау болады. Егер АҚШ қысымын күшейтсе, экономикасы құлдырап кетеді. АҚШ-тағы қытай тауарларының орнын түркиялық тауарлар басады. Осының салдарынан Қытай экономикасы артқа кетеді.

✅ XXI ғасырда әлемге ықпал жасайтын елдер – АҚШ, Польша, Түркия және Жапония.

Түркия мен Жапония одақ құрып, АҚШ-тың басты бәсекелесі болады. Геосаясатта негізгі теке-тірес Польша мен АҚШ одағы және Түркия мен Жапония одағы арасында жүреді.

✅ 2030 жылға қарай Оңтүстік және Солтүстік Корея бірігеді. Экономикасы тез дамиды, алдыңғы дамыған елдер қатарына қосылады.

✅ 2050 жылға қарай Түркия Орталық Азияны Қытаймен бөлісуге мәжбүр болады.

✅ Америка ғарышта инфрақұрылымын дамытады. Айға әскерін орналастырады. Адамзат ғарыш энергиясын пайдалана бастайды. Жапония АҚШ-тан қалыспайды. Ғарыш үшін бәсеке басталады. Жапония да ғарышты игере бастайды.

Қысқашы осылай, әлі біраз нәрсе бар. Айтпақшы, бірер күн бұрын Джордж Фридман Түркияның ағылшын тілінде хабар тарататын TRT Word телеканалына сұқбат берді. Онда дәл қазіргі уақытта кітабында жазған екі болжамы орындалып жатқанын атап өтті. Біріншісі, Ресейге салынып жатқан санкциялардан экономикасы құлдырап жатқаны және Қытайдың Ресейден бойын аулақ ұстай бастағаны. Қалған болжамдарын уақыт көрсетер. Өте қызық кітап, оқуға кеңес берем», — деп жазды.

Қысқасы Фридманның сөзіне сенсек, Орталық Азия мен Қазақстан алдағы 100 жылдықта өз тізгінін өзі ұстамайды.