«Рахат Алиев басыма тапанша тақатты»: Танымал бизнесмен басына түскен ауыр күндері туралы (ВИДЕО)

0
64

Белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембай бір кездері Рахат Алиев екеуінің арасында «соғыс» болғанын айтады. Оның айтуынша Алиев бизнесін тартып алмақшы болып, талай қорқытқан, тіпті, түрмеге жауып, басына тапанша тақатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сілтеп хабарлайды. 

Кезінде Рахат Алиев шетелге қашқанда бір топ кәсіпкерлер экс-күйеу бала қоқаң лоққы көресетті деп баспасөзде жариялады. Соның бір желі Марғұлан Сейсембайға да тиген.

«Рахат Алиевпен екі-үш жылдай шайқастық кәдімгідей. Барлық бизнесімді алып қойғысы келді. Ол кезде істегені қоқаң лоққы емес, кәдімгідей қорқыту болды. Тергеуге шақырып, қылмыстық іс ашып, тергеушісі «Өлтіремін, атамын, сендерді осы жерде өлтіріп тастасам да ешкім ештеңе істей алмайды. Рахаттың тапсырысы» деп алдымызға тапанша тақады. Сосын Рахат өзі маған телефон шалып «бизнесіңді маған тапсырасың, тапсырмасаң мен сенің қорқынышың боламын» деп тікелей айтты. Ешқандай арамызда адам болған жоқ. Тікелей шабуыл, тікелей қорқыту болған. Менің бизнесімнің бәрін алып қоюға тырысқан адам», – деген Мағұлан Сейсембай мұндай қысым болған кезде өзін қалай ұстайтынын айтты.

«Осындай «соғыс» болып, сырттан қысым көргенде шымырланып қаламын. Істеген ісімнің барлығын өзімнің бақылауымда ұстап отырамын. Ешқандайда өзімді жоғалтып, есімді жия алмай жүрген адам емеспін. Ондай жағдайда шымырланып, ширыға түсемін», – дейді кәсіпкер.

Қанша қорқыту болса да ақыр аяғы өз бизнесін сақтап қалғанын айтады.

«Ақыры берген жоқпын. Ол менен қалды. Ештеңе ала алмады. Бірақ біраз қанымызды ішті. Сол уақыттарда  ресми тұрде салық төлеген емеспін. Өйткені қаржы полициясы келіп, барлық бухалтериялық құжаттарды алып кетті. Ол уақытта кәсіпорындарды тоқтатуға болмайды деген заң шығып, кәсіпорынды тоқтата алмайды. Бірақ құжаттардың бәрін алып кетті. Сонда салық жүйесі бізден салық сұрағанда есеп бере аламаймыз. Құжаттар полицияда. Ал олар қаржы полицияға барып, біздің құжаттарымызды сұрауға сескенеді. Сонда ресми тұрде екі жарым жыл бойы салық төлемедім. Рахат Алиев бізбен соғысамын деп екі жарым жыл бойы салықтан босатқан адам болып шықты», – деді Марғұлан Сейсембай.

«Мен ешқашан кек сақтамаймын, ыза болмаймын. Бірақ байқап отырсам, осы жылдар бойы қанша жауларым болған адамдар бәрі аяғы дұрыс  болмады, оңбады», – деген кәсіпкер өзінің осындай қасиеті бар екенін жасырмады.

stan.kz