Қызымның сүйектері мен денесі бөлшектеліп қалған: Алматыда жүк көлігі әжесі мен немересін басып кетті

0

Алматыда тағы да жантүршігерлік жол апаты болды. Жүк көлігі әжесі мен немересін қағып кеткен. Қазір екеуінің де жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалады. Жәбірленуші баланың денесін көлік астынан шағырылды деп отыр. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы «Астана» арнасы жазды.

Жәбірленуші тарап өкілдерінің айтуынша, сол күні 57 жастағы әйел мен оның немересі, Бурундай көшесінің бойындағы аялдамаға жолдың жиегімен келе жатқан. Сол сәтте жүйіткіген жүк көлігі оларды таптап өтті деді. Қатты соққыдан 11 жастағы қыз бен оның әжесі бірден есін жоғалтқан.

Светлана СУМЕЛИДИ, ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ ТУЫСЫ:

Анам маған бізді қағып кетті деп хабарласып үлгерді. Оқиға орнына бірден алып-ұшып жеттім. Келсем екеуі де ес-түссіз жатыр. Маңайының барлығы қан-жоса. Ал қызымның сүйектері мен денесі бөлшектеліп қалған.

Қазір көлік астында жаншылғандар ауруханада жатыр. Дәрігерлер екеуінің де жағдайын ауыр деп отыр. Әжесі есін жиған. Дегенмен денесінің сынған жерлері көп. Ал немересі әлі көзін ашпапты.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:

Қыздың оң аяғына ампутациялық ота жасауымыз мүмкін. Әзірше алғашқы медициналық көмек жасалынды. Аяғын сақтап қалу үшін қолдан келгенді жасаудамыз. Балада бастың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаты бар. Ал әжесіне гематома, сол жақ тізе буынының қажалуы, 1-ші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылды. Қазір екеуінің де жағдайы тым ауыр.

Жәбірленушілердің жақындары апат болған жерде ешқандай бейнекамералар орнатылмаған деп отыр. Оқиғаны көзімен көрген куәгерлер де табылмапты. Алайда әлеуметтік желіде бұл оқиғаны суицид деп бағалағандар бар.

Светлана СУМЕЛИДИ, ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ ТУЫСЫ:

Менің анам мен қызым жолды кесіп өткен жоқ. Өздігінен көліктің астына барған деген сөздер негізсіз. Олардың суицид жасауы мүмкін емес. Бұл жүргізушіні ақтап алу үшін айтылып жатқан пікірлер.

Қазір қалалық Полиция Департаменті апатқа қатысты тергеуді бастады. Әрі сот медициналық сараптама тағайындалған.