Қызылордада қауіпті аймақтар анықталып, даярлық мәселелері күшейтілді
Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев өткізген алқалы жиында су тасқынынан шығынсыз өту жайы талқыланды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов Сырдария бойында 56 ықтимал қауіпті аймақ анықталғандығын айтты. Оларға 109 жауапты мекеме бекітіліп, отын мен шығын материалдары сатып алынған. 79 эвакуациялық және 99 қабылдау пункті, сондай-ақ, 2 «Қазавиақұтқару» тікұшағы қызмет көрсетуге дайын.
— Бөгеттер мен қорғаныс бекіністерінің жағдайын зерттеу барысында 37 нысан анықталды. Оның ішінде 25-і бірінші кезекте жөндеуді қажет етеді. Қазалы ауданында 18 нысан жөндеуден өтті, қалғаны бойынша жұмыс жүргізілуде, — деді басқарма басшысы.
Облыстық ТЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешов қыс мезгілінде өңірде 232 адам мен 32 арнайы техника жұмылдырылып, 13 жылыту пункті мен радио және телефонмен жабдықталған 3 медициналық-құтқару пункті жұмыс істейтіндігін баяндады.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға Сырдария өзеніне тәулік бойы мониторинг жүргізіп, жеке құрамды тұрақты дайындықта ұстауды бұйырды. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда қатты суықта жол-көлік қатынастарын тоқтатуды тапсырды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы