Қызылорда облысында тұрғындар мектептің құрылысын тоқтатуды талап етеді (ВИДЕО)

0
34

«Мал қорадан шешіліп әкелген бетондармен жабылып жатыр. Үкілеп отырған үмітімізді құлайын деп тұрған бетонға оқыта алмаймыз…»

Қызылорда қаласының іргесіндегі Сабалақ елді мекенінің тұрғындары салынып жатқан мектеп құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр деп хабарлайды kznews.kz, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Айтуларынша, құрылысқа ескі-құсқы материалдар пайдаланылып жатыр. Онсыз да елді мекен тұрғындар бұл мектепті ұзақ күткен. Сондықтан сапасыз құрылыс жаңа білім ошағының «ғұмырын» қысқа ете ме деп алаңдайды. Бұл бейнекөріністі құрылыс сапасын бақылауға барған тұрғындар түсірген. Айтуларынша, ғимараттың төбе жабындылары шұрық-есік.

Бұрын пайдаланылған, көне бетондар қойылған», қабырғалары да «сен тимесе, мен тиме» деп тұр.  Сондықтан «бұл ғимараттың сапасы күмән туғызады, – дейді олар.  

Қалған қоқыстардан мектеп салынып жатыр. Фундаменті де жоқ. Төбесінің бәрі ескі-құсқы. Мал қорадан шешіліп әкелген бетондармен жабылып жатыр. Үкілеп отырған үмітімізді құлайын деп тұрған бетонға оқыта алмаймыз, – дейді тұрғын Гүлсәнім Әукенова.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұл жағдайға қатысты зерттеу жұмыстарының басталғанын айтты. «Сабалақ саяжайы қаланың бас жоспарына енбеген. Сондықтан ол аумақта   әлеуметтік нысан салу заңсыз» дейді мамандар. Мердігер мекемеге шара қолданылуы мүмкін.

Әлеуметтік нысандар құрылыс нысаны басталған кезде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабарлама жіберуге міндетті, құжаттар және хабарлама заңына сәйкес. Аталған құрылыс нысаны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қандайда бір рұқсат немесе хабарлама түсірмеген. Оған тиісті әкімшілік қолдану шаралары көрілген. Сол шаралар көрілетін болады, – дейді облыстық Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Мәди Әліп.

Халық саны 3 мыңнан асатын Сабалақ елді мекенінде 800-ге жуық бала бар, бірақ мектеп жоқ. Оқушылар қала орталығына қатынайды. Сондықтан әр күн сайын баласы мектепке барып келгенше жанын шүберекке түйіп отыратын ата-аналар мектеп құрылысы басталғанда қатты қуанған. Бірақ ондағы олқылықтарды көрген соң ол қуаныш су сепкендей басылды. Енді Сабалақ тұрғындары құрылыстың тоқтатылуын талап етуде.