Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғындары еліміздің тарихы туралы бірегей фото және бейнеқұжаттармен танысты

0

2019 жылғы 5 сәуірде Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиясы өтті.

 Экскурсияға келушілерге Н.Ә.Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап Қаз КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне дейінгі еңбек жолын баяндайтын сирек кездесетін бейнематериалдар, фотосуреттер, архивтік құжаттар және жәдігерлерден тұратын бірегей материалдар кешені ұсынылды.

Көшпелі тақырыптық экскурсиялар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме ауқымды жобасының бір бөлімі болып табылады. Жобаның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсететін қор көрмесі болып табылады.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы Рүстемов алғы сөзінде былай деді:

«Елбасы кітапханасының бұл көрмесі — үлкен тарихи миссия, үлкен тарихи, мәдени іс-шара. Елбасымыздың бағыттауымен сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз төрт мақсатты алдымызға міндет етіп қойдық: тәуелсіздіктің іргесін қалау, нарықтық экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік қоғам құру, қоғамдық ойды жаңғырту. Бүгінгі күні Елбасымыздың басшылығымен осы төрт міндетті ойдағыдай жүзеге асырдық. Нұрсұлтан Әбішұлының президенттікке кандидат болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазушы Қалтай Мұхамеджанов былай деген екен: «Сізді өзге үміткерлерден ерекшелендіретін үш қасиетіңізді дара айтқым келеді: біріншіден, Сіздің қара жердің демін, дәннің дәмін сезіп, ауылда туып-өскеніңіз. Тіліңіз қазақша шықты. Халқыңыздың рухани салт-дәстүріне қанып өстіңіз; екіншіден, Сіз ауылда кетпен-күректен бастап, Теміртауда домна пешінің қайласына дейін ұстадыңыз; үшіншіден, Сіз ана тіліңізден бөлек, орыс тілінде де сан әдебиетті оқып, тұщынып өстіңіз. Бүгінгі көрме арқылы біз осындай асыл қасиеттерді бойына сіңірген Елбасымыздың жүріп өткен ғибратты жолы арқылы өзіміз де өремізді өсіріп, танымымызды кеңейтеміз», — деп атап өтті Руслан Рүстемов.

Аудан тұрғындарына арналған құттықтау сөзбен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сөйледі:

«Құрметті қасиетті Шиелі ауданының тұрғындары! Біз сонау еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан үлкен сәлемімізді алып келдік, қабыл алыңыздар! Маған хабарлағандай, осы залда озат, белсенді оқушылар, ардагер ақсақалдар жиналған екен. Бүгін Сіздерге көрсетілетін экспонаттарды қолдарыңызбен де ұстап көре аласыздар. Көшпелі экскурсияның ерекшелігі де осында. Алдыңғы аптада Қызылорда қаласында өтетін шараларға қысқаша тоқталсам, дүйсенбі күні облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының салтанатты ашылуы өтеді. 9 сәуір күні өтетін халықаралық конференцияда Қазақстанды дамыған 50 мемлекеттің қатарына дейін көтерген Елбасының «Назарбаев моделі», сонлай-ақ оның жастар саясаты туралы отандық және шет елден келген сарапшы ғалымдар бірлесе баяндама жасап, жан-жақты талқылайтын болады. Осында отырған жастарға айтарым, Елбасымыздың сонау тәуелсіздік алған жылдары қиындықтарға қарамай алғашқы шешімдерінің бірі ретінде «Болашақ» халықаралық оқу бағдарламасын қабылдауы. Қазіргі уақытта осы бағдарламаның арқасында он мыңдаған Қазақстан жастары шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде сапалы білім алып, еліне қызмет етуде. Сіздердің оқуларыңызға да толағай табыстар тілеймін!».

Әмірхан Рахымжанов Шиелі ауданының әкіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековтың атынан алғыс хат тапсырды және «Ұлы дала ұлағаттары», «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Назарбаев моделі» атты кітаптарды сыйға тартты. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасын ұйымдастырғандары үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұжымына ризашылығын білдірді:

«Жалпы, аудан тұрғындары үшін бүл күнді тарихи күн деп есептеймін. Өйткені, Елбасымыздың қолы тиген бірегей жәдігерлерді біздерге әкеоліп отырсыздар. Осы көрменің біз үшін, оның ішінде жастар үшін тарихи мәні бар. Жастардың келешекте айтып жүретін, естерінде мәңгі қалатын тарихи оқиға деп есептеуге болады», — деді Әшім Оразбекұлы.

Осы күні ауданда ашылған кітапханаға сый ретінде Елбасының еңбектері, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызметінің жылнамасы» басылымы да тарту етілді. Кітапта 2006 жылы Елбасының қатысуымен елімізде және шет елдерде өткен негізгі іс-шаралар көрсетілген. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаевтың осы кезеңде сөйлеген аса маңызды сөздерінің мәтіндері, 2006 жылы Президент қабылданған заңдар мен жарлықтар ұсынылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашадан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында көрме Алматы қаласында, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында және Шымкент қаласында ұйымдастырылып, оны 730 мыңнан астам адам тамашалады.