«Қызды төрт рет ажырасқандар шығарып салады»: Айжан Нұрмағамбетова тойға шығатын әншілерді сынады

0

Аға буынға танымал әнші Айжан Нұрмағамбетова Nege.kz сайтына сұхбат беріп, өзінің тойға жиі шықпауының себебін айтты. Әншінің мәліметінше, оны той мен концерттерге көп шақыра бермейді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

«Менің репертуарымда тойға арналған әндер жоқ. Көпшілігі «неге жазбайсың?» деп сұрап жатады. Шынтуайтында, ұзатылған қызды төрт рет ажырасқан келіншектер емес, мен секілді көрген-білгені бар жеңгелер шығарып салу керек қой.

Дегенмен, қуанышына шақырған той иелеріне барып, сұраған әндерін салып беріп тұрамын», — деді әнші.

Сондай-ақ Айжан Нұрмағамбетова концерттерге де жиі шақырту алмайтынын айтты. «Шыны керек, түрлі түсірілімдер мен жобаларға бізді шақыра бермейді. Ретро фестиваль атаулы да біздің осыдан 20-25 бес жыл бұрын салған әндерімізді жастарға шырқатып қояды. «Сағындырған әндер-ай», «Ән мен әнші» деген жобалар үздіксіз ұйымдастырылады. Тәттіге телмірген баладай «шақырар» деп елеңдеп қоямыз, бірақ, өкінішке қарай, қалыс қаламыз. Жалпы, жастарға жол ашылғаны дұрыс қой, бірақ еңбегі сіңген әртістерге де құрмет көрсете білген дұрыс», — деді Нұрмағамбетова.