Қыздар университетінің 2 мыңнан астам студенті латын графикасында диктант жазды

0

Диктанттың тақырыбы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұруы тиіс.

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен республика бойынша «Жалпыхалықтық диктант» өтті. Шараға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 2 мыңнан астам студенті қатысып, латын графикасында диктант жазды, деп хабарлайды zakon.kz, оқу орнының Баспасөз орталығының басшысы Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Акцияның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын негізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.

– Қыздар университетінің білімгерлері диктантты арнайы белгіленген аудиторияларда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және Қазақ радио арналарында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдау арқылы жазды, – деп атап өтті Жандар Асан.

Диктанттың тақырыбы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұруы тиіс. Диктант аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.

Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға 15 жастан асқан барлық азаматтар – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, оқушылар қатысты. Диктант жазу барлық өңірде бір мезетте басталды. Акцияның ұзақтығы – 30 минут. Диктантты сканерлеу немесе фотоға түсіру арқылы [email protected] электронды поштасына жолдау қажет.

– Мемлекет басшысының 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен және Премьер-министрдің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілген. Ұлттық комиссияның кейінгі бір отырысында Премьер-министр жаңа емле ережесі туралы жал-пы халықты құлақтандырып, жұмысты жандандыру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі шара латын негізді қазақ тілі әліпбиін игеру мен меңгеру тұрғысында жүзеге асырылып отыр, – дейді акция ұйымдастырушылары.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз