Қыздар университетінде аймақтық өнер байқауы мәреге жетті

0

Өнер додасының мақсаты – жастардың бойындағы шығармашылық қарым-қабілетті ұштау, еліміздің салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін дамыту.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Golden voice» атты жас әншілер байқауы мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл туралы Zakon.kz оқу орнының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қыздар университетінің қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылған өнер додасының мақсаты – жастардың бойындағы шығармашылық қарым-қабілетті ұштау, еліміздің салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін дамыту. Сонымен қатар Алматы қаласындағы таланатты жастарды анықтау, оларды өнерге баулу арқылы эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.

Сайыстың ашылу рәсімінде Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова шараның мәні мен маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мәдени шара барысында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері өзара мықтыны анықтады. Өнер байқауына қатысуға 50 адам өтініш берген. Алайда ақтық кезеңге 7 жоғары оқу орнынан 15 өнерпаз жолдама алды. Атап айтқанда, жарыс барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы технологиялық университеті және Ж. Елебеков атындағы республикалық эстарада және цирк колледжінің студенттері бақтары мен баптарын сынады.

Өнер додасы екі бағыт бойынша жүргізілді. Бірінші бағыт бойынша қатысушылар опералық шығармаларды орындаса, екінші бағытта эстрадалық әндер шырқалды.

Сайысқа белгілі өнер майталмандары қазылық жасады. Олардың қатарында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі, әнші Жасұлан Қазақия, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Сәуле Нұрғалиева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Вокалдық өнер кафедрасының оқытушысы Эльнұр Дүйсебаев және жас әнші Әсет Қарабалин бар. Конкурс барысында қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахналық бейнені сомдауы, музыкалық сүйемелдеудің ұтымды таңдалуы, әртістік қабілеті және сыртқы пішіннің ән мәнеріне сәйкес келуі басты назарға алынды.

– Сайыста бағын сынаушылардың дайындықтары жоғары деңгейде екенін атап өткен абзал. Байқау барысында жастар қарым-қабілетін мүмкіндігінше көрсетуге тырысты. Осы орайда айта кеткен жөн, бұл жоба жас өнерпаздарға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Студенттер өз бойындағы қарым-қабілетін ғана көрсетіп қоймайды, сондай-ақ жоғары оқу орынының мамандарымен жұмыс істеп, дәріс алады. Бұл келешекте олардың кәсіби әнші ретінде шыңдала түсуіне сеп болмақ, – дейді шара ұйымдастырушылары.

Байқаудың опера бағыты бойынша бас жүлдені Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Тоғжан Қажымұратқызы иеленді. Бірінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Аружан Базарбаева, екінші және үшінші орындарды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Алуа Тұмарбай мен Аружан Оразалы өзара бөлісті. Ал эстрада бағыты бойынша Алматы технологиялық университетінің студенті Біржан Түймебай «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шығып», бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Ринат Шамшырақ ие болса, екінші орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Гүлмарал Нури қанжығасына байлады. Ал үшінші орынға Ж. Елебеков атындағы республикалық эстарада және цирк колледжінің студенті Ғибрат Сұлтанмұрат лайық деп танылды.

Сонымен қатар «Бұлбұл дауыс» номинациясымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Мөлдір Қазиева, «Үздік сахналық образ» номинациясымен Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Алмат Нұрғазы және «Үздік орындаушы» номинациясымен Айбаршын Бисенова марапатталды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz