“Қыздар көз салады”: Аша Матай жары Арманның телефонын тексере ме?
Отандық шоу-бизнестегі жарасымды жұп Арман мен Ашаның жұрт білмейтін құпиялары көп. Сондай-ақ олардың отбасында өзара келісімшарттар да бар екен. Мәселен, жігіт пен қыз ретінде көңіл жарастырып жүрген сәтте арадағы махаббатқа сенетінін айтып, серт берген. Сондықтан болар, бүгінде ерлі-зайыптылар бір-бірінің телефонын тексермеуге бекініпті. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісімен сұхбаттасқан Аша Матай көпшілікке бәймәлім сырларымен бөлісті.
«Қыз бен жігіт болып кездескенде біз келіскенбіз. Менің телефон тексеретін ондай әдетім жоқ деп бірден айтқанмын. Негізінде Арманға ешқандай шектеу қоймаймын. Бірақ өзі де түсінді. Яғни, мен тексермесем, ол да тексермеуі керек дегендей. Бір-бірімізге толықтай дұрыс көзқараспен қараймыз және сенеміз. Сенімділік бар», – дейді Аша Матай.
Бірақ, Арманның анда-санда жұбайының ұялы телефонына көз жүгіртіп тұратын әдеті бар екен. Аша мұндай жағдайда отағасының қылығына бір күліп, көзжұмбайлық танытады екен.
«Арасында болады. Кейде түннің бір уағында оянып қалған кезде көріп қаламын. Немесе телефон қараусыз қалып қалған жағдайда анда-санда болып тұрады енді. Дегенменен өзі ыңғайсыз болып қалады. Мен көрмеген сыңай танытып, жүре беремін (күледі)», – дейді Аша.
Ашаның айтуынша, Арманға ғашық қыздардың санынды шек жоқ. Бірақ күйеуінің сезіміне сызат түсірмейтініне әнші бикеш сенімді.
«Арман өнерде жүрген адам. Көз түсетін ер азаматтардың бірі деп ойлаймын. Қыздар көз салып жатса, онда тұрған ештеңе жоқ. Мен оның махаббатына сенемін. Өзімнің жарыма түгелдей расымен сенемін. Сондықтан да, қандай да бір қызғаныш сезімі туындауы мүмкін емес», – дейді тележүргізуші.
Бүгінде Арман мен Ашаға желіде түрлі сауалдар жолдап, олардың өміріне қызығушылық танытатын оқырмандары жетерлік. Ал, бір-бірінің телефонын тексеретін жанұяларға айтар Матайдың аздаған кеңесі бар.
«Әр жұптың өзара құрылған ара-қатынастары бар ғой. Сондықтан да бүйту керек, сүйту керек деп айта алмаймын. Біз небәрі үш-ақ жыл отау құрып, тұрып жатырмыз. Және де басқа адамдардан да үйренеріміз көп. Дегенмен де барлығын сабырлыққа шақыруға ұйғарамыз. Түсіністік танытып, бір-бірімізді тыңдаймыз. Тыңдай тұра есту. Тыңдап тұрып, ести алмайтын адамдар болады ғой. Сенің жарыңның, сенің сүйіктіңнің қалап тұрған нәрсесіне сен келісу керексің. Егер де ол сенің отбасыңа кедергі келтірмей тұрса, әрине», – дейді Матай.
Айта кетейік, Арман Қоңырбаев пен Аша Матай 2015-ші жылдың күзінде шаңырақ көтерген болатын. Бүгінде жұлдызды жұптың Асылым есімді екі жасар қызы бар.
Источник: Stan.kz