Қытайлық жас жұбайлар Димаштың құрметіне үйлену тойын өткізді
Ағымдағы жылдың 4 қазанында Гуанчжоу қаласында жастардың үйлену тойы өтті. Отау құрған жас жұбайлар той тақырыбын Димаш Құдайбергенге арнаған. Бұл туралы Dimashnews.com сайты жазды.
Қалыңдық 2017 жылдан бері қазақстандық әншінің фанаты екен. Сүйіктісі екеуі Димаштың Қытайда өткен алғашқы концертіне де бірге барған.
«Сяо Ли мен Минг 5 жылдан бері таныс. Минг 2017 жылдан бастап сүйіктісі Димаштың өнеріне қызығушылық білдіретінін байқап, қолдау көрсеткен. Болашақ жарының көзінен қуаныш көру, ғашық жігіт үшін бақытты сәттердің бастамасы болатын», делінген жазбада.
Сяо Лидің айтуынша, Димаш Қытайда алғаш рет туған күнін тойлаған кезде, Гуанчжоу Dear-ларымен бірге ол да бейнеқұттықтау жазу үшін барыпты.
«Менің жанымдағы жігітті көрген қыздар оны Димаштың жанкүйері деп ойлап, таңданған көрінеді. Бірақ ол мені қолдау үшін келіп, қасымда жүрді. Содан бері Минг біздің ортада «жалған фанат» деген лақап атқа ие болды», дейді Сяо Ли.