Қытайдан Қазақстанға қашуға мәжбүр болған қос азаматты ұрып кетті (видео)

0

Қаңтардың 22-іне қараған түні Нұр-Сұлтан қаласында жақында ғана босқын мәртебесін алған Мұрагер Әлімұлына шабуыл жасалып, пышақтап кеткен. Дәл осы уақытта Алматыда (босқын мәртебесін алған) Қайша Ақанды да белгісіз адамдар соққыға жыққан.

Қайшаның сөзінше, оған және Қытайдағы анасы мен бауырына бұған дейін бірнеше мәрте қоқан-лоқы жасалған. Қытайдағы адам құқығының тапталуы жөнінде айтуды тоқтатуын талап еткен, деп хабарлайды malim.kz сайты.

Видеода жедел жәрдем көлігінде Мұрагер Әлімұлының қасында отырған азамат, “Мұрагерді екі адам жабылып ұрып, пышақтап кеткенін” айтады.

Видеоплеер

00:00
00:13

Мұрагер Әлімұлы 2019 жылы тағы бір этникалық қазақ Қастер Мұсаханұлымен бірге Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Олар Қытайда қысым көргендерін, шекараны заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болғандарын айтқан. Кейіннен ШҚО Зайсан аудандық соты Мұсаханұлы мен Әлімұлын «мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті» деген айыппен кінәлі деп танып, бас бостандықтарынан айырған. 2020 жылдың 22 маусымында екеуі де бостандыққа шығып, босқын мәртебесін алған.

Қайша Ақан 2018 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы кеден бекеті арқылы Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. 2019 жылы Алматы облысы Панфилов аудандық соты Ақанды «шекара бұзғаны» үшін шартты түрде жарты жылға бас бостандығынан айырған. Сотта Қайша Ақан Қытайда өзіне лагерьге қамалу қауіпі төнген соң, Қазақстанға заңсыз қашып өтуден басқа амалы болмағанын айтқан.