Қытайдан қашып, Украин шекарасын кесіп өткен қазаққа миллиардер Марғұлан Сейсембай көмектеспек

0

Қытай азаматы, этникалық қазақ 23 жастағы Ерсін Еркінұлы Украинада заңсыз жүрген азаматтарды ұстайтын уақытша қамау орнында отырғанын мәлімдеп, өзін Қытай билігіне тапсыруы мүмкін екенін айтып, көмек сұраған болатын.

Қазақстандық қоғам белсендісі, миллиардер Марғұлан Сейсембай өзіне бұл туралы өтініш түскенін. Өзінің көмектесуге ниетті екенін және Украинадағы танымал заң компаниясын бұл іске тартып, шығындарын төлейтінін жеткізді.

Бұл туралы М.Сейсембай өзінің Facebook парақшасына жазды.

«Маған көптеген өтініштер түскен соң, Украинадағы ірі LES Ukraine заң фирмасын іске тарттым. Олардың барлық қызметін мен төлейтін болып келісімге келдік, бастысы — олардың бұл істі ширақ, әрі кәсіби түрде атқаруы, мұны өзім бақылайтын боламын. Бұл заң фирмасы іспен танысты. Сот 6.11.20 күні өтіп кеткен болып шықты. Уақыт жіберіп алғанбыз. Бірақ бізде әлі де уақыт (10 тәулік) және аппеляцияға беру мүмкіндігі бар. Олар осымен айналыспақ» деді кәсіпкер.

“Жас алаш” газетінің тілшісі Тоқтар Жақаштың Азаттыққа айтуынша, Еркінұлы осыдан бірнеше күн бұрын WhatsApp арқылы шығып, жағдайды түсіндірген. Еркінұлы Қазақстан билігінен ықтиярхат алып, азаматтыққа өтініш тапсырамын деп жүрген кезде “құқық қорғау органдарының қысымына тап болғанын” айтқан.

Ақыры Түркияға кетуге мәжбүр болған, “сол жақтан Еуропаға жетпек болып, Киевтің Борисполь әуежайына келгенде құжаттарын жоғалтқан. Сүйтіп, украин шекарашыларына ұсталған”. Тоқтар Жақаш Еркінұлының айтқандарын осылай баяндайды.

Желіде тараған видеода Еркінұлы Қазақстанға 2019 жылы желтоқсан айында келгенін, Киевке биыл қазан айында жеткенін айтады.

Азаттық тілшісі Қазақстан мен Украинаның ресми орындарынан әзірге жауап ала алмады. Шыңжаң қазағы барды делінген Алматы облысы Сарқан ауданының көші-қон басқарма мамандары Еркінұлы туралы сұрақтарға нақты жауап бермеді.