Рысбек Сәрсенбай: «Қытайдағы қазақ мәселесі? Спортшыларды Пекин олимпиадасына қатысудан бас тартуға шықарамын!»

0

14 желтоқсан күні Алматы қаласында орналасқан Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында Қытайдағы жазықсыз түрмеге қамалып, із-түзсіз кеткен қазақ зиялы жастарының жақтастары, туыстары баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды KzNews тілшісі.

Баспасөз жиынына белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Рысбек Сәрсенбай, жазықсыз ұсталған Ғарапа Нәсиоллаұлының анасы Каматан Тоқтамұратқызы, жазықсыз түрмеде отырған Асқар Азатбектің жақыны Гауһар Құрманәлиева  және қоғам белсенділері мен журналистер қатысты.

«Шынжаң Санжы облыстық 2-ші орта мектептің әдебиет пәні мұғалімі, менің кенже балам Ғарапа Нәсиоллаұлы 2021 жылдың шілде айынан бері ұсталып, хабарсыз кетті. Нақты қамауға алыну себебін әлі білмейміз. Олар айтқан жоқ. Ол Қытай билігіне қарсы ешбір сөз айтып, қылмыс жасаған емес. Жазықсыз. Артында 3 жасар баласы мен әйелі қалды» дейді көзіне жас алған анасы Каматан Тоқтамұратқызы.

«Қытайда 2017 жылы басталған қысым мен қудалау пандемия кезінде сәл бәсеңсігендей көрінгенімен, қазір қайта күш алып, ұстау мен жазықсыз түрмеге қамау қайта басталды» дейді қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы.

310 күннен бері Қазақстандағы Қытай елшілігі алдында пикет өткізіп келе жатқан топ өкілі Гауһар Құрманәлиева да осы күнге дейін не Президент әкімшілігі, не СІМ, не Қытай елшілігі бірде-бір рет шығып олардың бұл жерде не үшін тұрғаны жайлы сұрамағынан айтты. Жазықсыз қамауда отырған азаматтарды босатуды сұраған топқа осы күнге дейін Қазақстан билігі 4 млн. теңге жуық айыппұл салған.

Қоғам қайраткері, саясаткер Рысбек Сәрсенбай: «Мыңдаған қазақ Қытайда қамауда отыр. Ал, Қазақстан билігі селт етпейді, оны Қытайдың ішкі ісі деп қарап отыр. Бұл қытайға бодан болғандықтың белгісі. Саяси тұрғыдан да, заңдық тұрғыдан да, мемлекеттік тұрғындан да Қытайға тәуелділіктің белгісі» дейді.

Қандастарға Қазақстан мемлекет ретінде ешқандай жәрдем бере алмай отырғанын айтқан саясаткер Батыс елдері сияқты санкциялар салып, бұрынғы жасалған келісімшарттардың күшін жойып, мәдени барыс-келісті тоқтату керек дейді. Ол сонымен бірге Бейжіңде өткелі жатқан қысқы Олимпиадаға да байкот жариялап, Қытайға қысым жасауды ұсынды.

Соңғы кезде Қытайда ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері жиі қудаланып жатқанын айтқан саясаткер Р.Сәрсенбай  біздің елде оларды жоқтайтын парламентте, билікте отырған зиялылар, ақын-жазушылар екенін айта келіп: «Мына әріптестерімізді қорғайық деп билік мінберінен бір ауыз сөз айтуы керек» деді.

Қазірге дейін Қытайдағы қазақ қаламгерлері арасынан Ғарапа Нәсиоллаұлы, Нағыз Мұхамметұлы, Қабыкен Зейнұраин, Қалысбек Бабанұлы, Әденбек Қамашұлы, Сарқытжан Салықұлы, Нұрбақ Биғазин қатарлы бір топ азаматтардың қамауға алынғаны, түрлі негізссіз айыптармен сотталғаны немесе  із-дерексіз кеткені белгілі болып отыр. Шыңжаңдағы саяси қысымға ұшыраған бұдан өзге де көптеген қазақ азаматтарының бар екені анық.