Қытайда коронавирус тарағанын айтып сақтандырғысы келген журналист 4 жылға сотталды

0

Биыл ақпан айында Ухань қаласында коронавирус ауруы тарағаны туралы хабарлаған азаматтық журналист сотталды.

37 жастағы Чжан Чжань түсірген видеороликтер Интернетте тараған. Видео коронавирус эпидемиясының алғашқы күндері түсірілген. Онда науқасқа толған ауруханалар, крематорийлар бейнеленген.

Шанхай соты журналисті вирус ошағында дайындаған репортажы үшін төрт жылға соттады. Бұл туралы оның адвокаты хабарлады. Журналист жұқпалы індет таралған уақытта «жанжалды өршітті» деп айыпталған.

Адвокаттар сотталушының денсаулығына алаңдап отыр. Биыл маусым айында ол түрмеде аштық жариялаған. Оған мәжбүрлеп тамақ берген.

Келесі айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ондаған ғалымы Ухань қаласына барып, аурудың таралуын зерттейді. Пекин тәуелсіз зерттеу жүргізуге енді ғана рұқсат беріп отыр.