Қытай Уханьнан өзбек студенттерін эвакуациялауға рұқсат бермеді
Қытай Уханьда қалып қойған өзбек студенттерін Өзбекстанға эвакуациялауға рұқсат бермеді деп хабарлады Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі.
Министрліктің айтуынша, 29 қаңтарда Өзбекстанның Қытайдағы елшісі Бахтиер Саидов Қытайдың сыртқы істер министрлігінде мамандармен кездескен. Қытай тарабы үкіметтің коронавирусты таратпауға күш салып отырғанын, алдын алу және оны емдеу шараларын жүргізіп жатқанын айтқан.
Министрліктің дерегінше, қазіргі кезде Қытайда Тедрос Гебрейесус бастаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жұмыс тобы жүр. Ұйым өкілдері де шетел азаматтарын эвакуациялауды құптамаған. ДДСҰ басшысы халықаралық қауымдастықты тыныштық сақтап, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырған.
25 қаңтарда Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Қытайдың Ухань қаласында қалып қалған 30 өзбек студентін елге қайтаруға уәде берген еді.
Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де Уханьдағы қазақ студенттерін эвакуациялау мәселесін Қытай билігімен талқылап жатқанын айтқан. Әзірге келіссөздің қалай аяқталғаны белгісіз.
Осыған дейін бір топ ата-ана Қытайдың Ухань қаласынан шыға алмай отырған студент балаларын қайтаруды сұрап, Қазақстан билігіне өтініш жасаған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Қытай әзірге Уханьнан азаматтарын алып кету туралы бірде-бір елдің сұрауына жауап бермегенін» айтқан болатын.
31 қазан түске дейінгі жағдай бойынша, Қазақстанда «коронавирусты жұқтыру оқиғасы» тіркелмеген. 30 қаңтарда кешке қарай денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 38 адамнан коронавирус белгілерін іздеп жатыр, олар ауруханада жатыр деп мәлімдеген еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Дегенмен ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус халықаралық іс-сапарлар мен саудаға шектеу қоюға негіз жоқ деген.
Қытайдан тыс аумақта вирусты жұқтырғандар саны 100-ге жетті. 18 елден вирус табылған. Қытайдың өзінде вирусты жұқтырғандар саны он мыңға жуықтап, кемінде 213 адам өлген. 12 мыңнан астам адамнан коронавирус белгілерін іздеп жатыр.
Оқи отырыңыз: «Үйден шықпаймыз». Қытайдағы қазақстандықтар коронавирус жайлы
Вирус Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні «Медициналық вирусология» журналында зерттеу жариялаған ғалымдар «вирустың жыланнан тарағанын» жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.