Қытай атақты адамдарға әлеуметтік желіде өз байлығымен мақтануға тыйым салмақ
Қытай әлеуметтік желіде танымал тұлғалар таратқан ақпаратты қадағалауды күшейтпек, деп хабарлайды kznews.kz сайты bbc агенттігіне сілтеме жасап.
Қытайдың киберкеңістік басқармасы бұл шаралар оң және дұрыс интернет ортасын құруға бағытталғанын жеткізді. Сол себепті олар танымал адамдардың интернетте не жазатынын бақыламақ ниетте.
Айтуынша, жұлдыздар туралы өсек тарату және оларға шамадан тыс көңіл бөлу Қытай қоғамының дәстүрлі құндылықтарына нұқсан келтіреді.
Ведомство қызметкерлері қоғам пікіріне ықпал ететін ең танымал тұлғалардың жеке парақшаларын ғана емес, жұлдыздар туралы ақпарат жарияланған сайттарды, тіпті жарнамаларды да қадағалайтын болады.
Агенттік Қытай қоғамына жат құндылықтарды насихаттайтын атақты адамдардың «теріс» тізімін құруды және толықтыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, өткен сейсенбіде Қытай өнерпаздары қауымдастығы әдепсіз мінез-құлық үшін тікелей эфирге тыйым салынған 88 адамның тізімін жариялады.
Қытай билігі блогерлер шамадан тыс тұтыну мәдениетін насихаттап, дәстүрлі құндылықтарды жояды деп мәлімдейді.
Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ