Қыста жол төсейтін әкім

0

Павлодар облысы әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов халқының 30 проценті ауылда тұратын өңір үшін «Ауыл – ел бесігінің» қаншалықты маңызды екендігін атап өтіп, ел тұрмысының артқанына көңілі толатынын айтты.

Мәселен, ауылдағы тұрмыс сапасы 61,5 пайыздан 68-ге артқан.

«Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен жобаның жүзеге асырылуында тәуекелдер де жоқ емес. Жергілікті атқарушы органдар оларды дер кезінде болжап, алдын алулары тиіс», — деді әкім.

Айталық, Баянауыл ауданындағы екі ауылда биыл ішкі жолдар жөнделуі тиіс болатын. Мұса Шорман ауылында бәрі ойдағыдай аяқталса, Жаңажол ауылында 1 қыркүйекте аяқталатын жұмыстар әлі бітпеген.

Аудан әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, мердігер асфальттауды осы аптада орындайды.

«Қыста асфальт төсейін деп жатырсыз ба? Мұныңыз қалай? Екі ауылды модернизациялауға бюжеттен 300 млн теңге бөлінді. Жұмыс неге баяу жүргізілуде?», – деді Әбілқайыр Сқақов.

Сөз соңында өңір басшысы әкімдерге бюджеттік жоспарлау мәселесіне өте мұқият қарау керектігіне ерекше назар аударды.