Қыста қалай дұрыс тамақтану керек?
Күн суытқанда ағза жылыну үшін күш жұмсап, көп калория жоғалтады. Сондықтан да тәбет артады. Диетологтар да бұған қарсы шығуға болмайды, адам қажетінше тамақтанбаса, ауырып қалуы мүмкін дейді. Бірақ артық салмақ қосып алмас үшін дұрыс тамақтану керек.
Ең бірінші, калориялы азық-түлікті мүмкіндігінше аз тұтынып, үнемі қозғалыста жүру қажет. Сонда ғана 1-1,5 келіден артық салмақ қоспайсыз.
Әрине, суық мезгілде жылыну үшін үнемі ыстық шәй мен кофе ішеміз. Ал тәтті бәлішсіз шәй мүмкін емес. Алайда артық салмақтан арылуға бел бусаңыз, тамақтану рационыңыздан кәмпит, печенье, тоқаш сияқты қант, бидай ұны қосылған азық-түлікті азайту керек.
Ал иммунитетті сақтау үшін күнделікті жеміс, көкөніс, кептірілген жемістерді жеңіз. Мұздатылған жемістерді де қолдануға болады. Тамаққа қосатын көкөніс пен жемісті санағанда күніне кем дегенде 400 грамм осы азық-түлік өнімдерін қолдану нормаға жатады.
⠀
Ең бастысы қыс мезгілінде тағам үлесінде ақуыз жеткілікті болуы тиіс. Ол ағзамыздың барлық жасушасының құрамында бар. Сондықтан ақуызға бай ет, ашымал сүт өнімдері мен бұршақ тұқымдас азық-түлікті рационыңыздан шығармаңыз.
⠀
Майлары мен көмірсулары көп өнімдерді шамадан тыс қолданбаған абзал. Майлар: күнделікті 20 грамм сары май, өсімдік майы немесе басқа да майларды салатқа қосу үшін пайдалануға болады. Көмірсулар: ботқа, жеміс, көкөніс пен жидектерде өте көп.
Қыстың суық күндері жел мен аяздан тері жапа шегеді. Сондықтан теріні бірқалыпқа келтіретін А және Е витаминдерін қолданған жөн. Олар тазартылмаған май, сәбіз, астық тұқымдас өнімдерде көп.
⠀
Қыста артық салмақ коспау үшін күнделікті рацион төмендегі үлгідей болғаны жөн:
1-таңғы ас: көмірсу – ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді. Мысалы, сүтке піскен ботқа мен кептірілкен не жаңа піскен жемістер;
2-таңғы ас: жемістер/кептірілген жемістен компот/итмұрын қайнатпасы немесе шырын;
Түскі ас: ақуыз, көмірсу, жасұнықты қамтитын ас болғаны жөн. Мысалы, буға піскен котлет, қарақұмық, жеңіл салат;
Бесіндік ас: ақуыз және ашымал сүт өнімі. Жұмыртқаның ақуызын бесіндік асқа жесеңіз пайдалы;
Кешкі ас: құрамында міндетті түрде ақуыз бен жасұнық бар ас болсын. Мысалы, пеште піскен тауық еті мен көкөніс. Оған брокколи мен орамжапырақты қоссаңыз, асыңыз құнарлана түседі.
Дереккөз: Baribar.kz