Қыс мезгіліне дайындықтың жай-жапсары қозғалды

0

Ю.Ильиннің мәлімдеуінше, жол-пайдалану қызметтері 1 мың­нан астам инженерлік және қар тазалау техникасын сайлап қойған. Сонымен қатар 120 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал және 12 мың тоннадан астам тұз әзірленген. Қазіргі уақытта 37 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқандарды орнату жүзеге асырылуда. Ал қыс мезгілінде пайдаланылып келген 950 жылыту бекетіне қосымша тағы 130-ы қосылады. 

Бір өкініштісі, күн суытқалы бері маусымдық төтенше оқиғалар да тіркеле бастапты. 

– Жылыту маусымы басталғалы, яғни 15 қазан мен 13 қараша аралы­ғында республиканың тұрғын секторында 720-ға жуық өрт орын алды, олардың салдарынан 27 адам көз жұмды. Ал улы газбен улану салдарынан 10 адам бақилық болды. Табиғи газдан уланған 11 адам қаза тапты, – деді Ю. Ильин.

Жалпы тұрғын секторда өрттің орын алуының негізгі себептерінің бірі ретінде халықтың тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерінің қара­па­йым талаптарын сақтамауы аталды. 

– Бүгінге дейін өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылып, оның аясында ТЖК аумақтық бөлім­ше­лерінің қызметкерлері 180 мың тұрғын үйді аралап шықты. 375 мың­нан астам адамға нұсқаулықтар таратылды. 25 мыңнан астам адамды қамти отырып халықпен 1 500 шара ұйымдастырылды, – деп мәлімдеді Ю.Ильин.

Сонымен қатар өрт болған жағ­дайдағы іс-әрекеттерді пы­сық­тау үшін мұғалімдер мен оқушыларды оқу орындарының ғимараттарынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 800-ден астам тәжірибелік жат­тығулар өткізілген.

Баспасөз мәслихатында Ю.Ильин 2017-2018 жылғы қыс­­та қар­­лы боран мен шы­ңылтыр аяздың салдарынан респуб­лика­лық автожолдардың 120 рет жа­былғандығын да атап өтті. Сондай-ақ күрежолдардың бойында 23 мың адамға көмек көрсетілген. 

Ішкі істер министрінің орынбасары еліміздің таулы-жоталы өңірлерінде 550-ден аса сел оша­ғының анықталғандығына тоқталды. Осыған орай, «Қазселденқорғау» мекемесі күшейтілген дайындық режіміне көшірілген. Қауіптің алдын алу мақсатында селден қорғау қалқандары орнатылып, ақпараттық сақтандыру тұрғыдағы тақтайшалар ілінген. 

Сөз арасында Ю.Ильин қыс мез­гілінде тұрғындардан, жо­лау­шылардан да сақтық пен қа­уіп­сіздіктің қарапайым қағи­дат­­тарының сақталуы талап етіле­тіндігін еске салды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»