Қырғызстанмен шекарада ЕАЭО шартын бұзған жоқпыз

0

Қазақстан Еуразия экономикалық одағының заң ережелерін бұзбайды, алайда тауар құжаттарының талапқа толық сай болғанын талап етеді. Бұл туралы 5 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Қуат Рахимов мәлімдеді.

«[ЕАЭО шартын] бұзды дегенмен келіспеймін. Кейбіреулер өз міндетін толық көлемде жүзеге асырмай отыр деген қаупіміз бар. Біз тыйым мен шектеу салып жатқан жоқпыз, бар болғаны жүктің құжатқа сай болғанын талап етеміз» деді ол.

Қаржы министрлігі өкілі жанама салыққа байланысты проблема барын айтты. Рахимовтың түсіндіруінше, Қырғызстаннан Қазақстанға тауар өткізген кезде салық Қазақстан жерінде төленуі тиіс. Оның пікірінше, Қырғызстаннан Ресейге кетіп бара жатыр деп көрсетілген жекелеген тауар түрлері іс жүзінде Қазақстаннан шықпай қалып қояды.

«Жанама салық төлеу өте үлкен проблемаға айналып отыр. Келесі бір мәселе жүк-көлік құжаттарына байланысты. Оларда бір тауарды көрсетіп жазғанымен іс жүзінде басқадай болып шығады. [Тауар] санын, бағасы мен көлемін азайтып көрсетеді, ал бұл тағы да сол жанама салыққа әсер етеді» деп хабарлады Рахимов.

Қазақстан қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, 27 наурыздан 4 сәуірге дейін Қазақстан аумағына қырғыз тауарын тиеген 265 автокөлік, транзиттік бағыттағы 455 жүк көлігі кірген.

Оқи отырыңыз: Бір жарым жылдан соң қайталанған көлік кептелісі

Бұған дейін жұма күні Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев үкімет отырысында қазақ-қырғыз шекарасында қалыптасқан ахуалға байланысты қазақстандық әріптесі Асқар Маминмен «үш рет келіссөз» өткізгенін хабарлап, екі тараптың келісімінің нәтижесі жақын уақытта белгілі болады деп мәлімдеген еді.

«Біз Еуразия экономикалық одағы аясында қол қойылған келісімдердің орындалуын талап етеміз. Мен Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминмен үш рет келіссөз өткіздім. Қырғызстан делегациясы Қазақстанда келіссөздер жүргізді және біз келісімге қол жеткіздік, оның нәтижесін жақын күндері көретін боламыз. Біз келісімнің орындалуына күш саламыз. Және үкімет түк істемей отыр деп айтушыларға мен экономикалық мәселелерді шешу — байсалды келіссөз бен асықпай-абдықпай мұқият ойлануды қажет етеді» деді Абылғазиев.

3 сәуірде Қырғызстан экономика министрлігі Қазақстан жағының шекарадағы іс-әрекеті ЕАЭО нормаларына қайшы деп мәлімдеме таратқан еді. Көршілес екі ел осы одаққа мүше.

Мұның алдында Қырғызстан «Ақ тілек — автодорожный» өткізу бекетінде 200-ден астам жүк көлігі Қазақстан аумағына өте алмай бөгеліп тұр деп хабарлаған. Қазақстан 19 наурыздан бастап шекарадағы тексерісті күшейткен.

Қазақстан тарабы кептелісті қырғызстандық жүк тасымалдаушылардың кеден тексерісінен өтуге құлықсыздығымен түсіндірген еді.

Azattyq