Қырғызстанда қамауда отырған құқық қорғаушы үкіметті сотқа берді

0

Қырғызстан жоғарғы сотының үкімімен өмір бойына бостандығынан айрылған құқық қорғаушы Азимжан Асқаров Қырғызстан үкіметін сотқа берді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне құқық қорғаушының адвокаты Валерьян Вахитов хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, Асқаров өзінің ісін қайта қарауға шақырған БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімін Қырғызстан билігі орындамай отыр деп біледі. Осыған байланысты Асқаров Бішкектің ауданаралық сотына шағым түсірген, оның қаралу-қаралмауы әлі белгісіз.

Жалалабад облысы Базар-Коргон ауданының тұрғыны, құқық қорғаушы, 68 жастағы этникалық өзбек Азимжан Асқаров Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы маусымда этникалық сипаттағы жанжалға қатысты деп айыпталған. Қақтығыстардан 450-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Билік Асқаровты «қақтығыс кезінде мерт болған милиционердің қазасына қатысы бар» деп айыптап, өмір бойына түрмеге қамауға үкім еткен.

Жуырда Қырғызстан жоғарғы соты Азимжан Асқаровтың ісі жаңа жайттардың анықталуына байланысты қайта қаралатыны жайлы хабарлаған. Алғашқы сот отырысы 25 ақпанда өтпек. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне «Бир дуйно Кыргызстан» құқық қорғау қозғалысының жетекшісі Толекан Исмаилова айтқан.

Қырғызстан жоғарғы сотының баспасөз қызметі де істің қайта қаралатынын растады. Базар-Коргон аудандық соты іс материалдарын жоғары тұрған инстанцияға жіберген.

Azattyq