Қырғызстан Silk Visa жобасына қосылуға дайын

0
67

Қырғызстан «Жібек жолы визасы» – Silk Visa жобасына қосылуға дайын. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Қырғызстанның туризм, ақпарат және мәдениет министрі Азамат Жаманкулов хабарлады. 2019 жылы Қазақстан мен Өзбекстан Еуропа Одағының Шенген визасы сияқты жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Министр «Әзірге жоба іске қосылатын күн ресми түрде жарияланбады. Біз бұл бағдарламаға қосылатынымыз туралы ресми хат жолдадық» деді.

Астана мен Ташкент арасында келісілген жаңа жоба бойынша, Қазақстан мен Өзбекстанның біріне виза алған шетел туристері екі елге де кіре алады.

20 желтоқсанда Өзбекстанның туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ұлықбек Қасымхожаевтың хабарлауынша, бұл жоба екі елдің туризм саласын дамытуды көздейді.

Орталық Азияда бірыңғай «Жібек жолы визасы» туралы идея алғаш рет 2018 жылы маусым айында көтерілген. Әрқилы ақпарат бойынша, бұл бағдарламаға Түркия мен Әзірбайжанды қосу туралы келіссөз жүріп жатыр.

Дереккөз: Азаттық