Қыран Талапбек шетелге барып байып кетемін деп ойлау — қате екенін айтты
Отандық мобилографияның негізін қалаушылардың бірі, кәсіпкер Қыран Талапбек шетелге кеткісі келетін жастарға өз кеңесін айтты. Ол өзге елге барып, жағдайым бірден жақсарып кетеді деп үміттенетіндерге үндеу жасады, деп жазады KAZ.NUR.KZ «Қызық Live» бағдарламасына сілтеме жасап.
Бағдарлама барысында Нью-Йорктегі кино академиясында білім алған Қыран Талапбек неліктен елге қайта оралды деген сұрақ қойылды.
Мобилографтың айтуынша, ол алған білімін отандастарына бөліскісі келген.
«Өзімнің елім, жерім деп келесің. Мен шетелде жүргенде сол жердегі әлемдік брендтерден, компаниялардан тапсырыстар түсе бастады. Жақсы өмір сүрдім. Жақсы жұмыс істей бастадым. Яхтамен де жүрдік, машиналардың да түр-түрін міндім. Бірақ жоқтайтын адамың жоқ, елің жоқ, бешбармағы жоқ. Тек қана шетелде мықы бола аалсың деген нәрсе жоқ. Мықты адам кез келген жерде тесіп шығады. Қазақстанға келіп, одан да өзіміз осы жерде дамытайық, дамудың эпицентрі болайық деген ой болды», — деді ол.
Сонымен бірге, Қыран шетелге кетіп, «жағдайымды жақсарта қоям» деп аңсайтындарға да өз ойын айтты.
«Визамды алып, шетелге көшіп кетсем, өмірім жарқырай түседі деп ойлайды ғой бізде. Қаншама көшіп кеткен адамдарды көрдік. Ол жақта да қазақтармен жүреміз. Үйіне қонаққа барамыз. Табыстылар да, табысы жоқтар да бар. Бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Ол жақта бізді ешкім «о, мынау келіпті» деп ақшамен, жұмыспен күтіп отырған жоқ. Керісінше, мүмкіндікті дұрыс жағынан көре білсек, өз елімізде де табысты болуға болады. Оған менің көзім жетті», — деді ол.