«Қойшы бала», «сылақшы қыз»: Сиыр жылында кімдердің жұлдызы жанды?

0
1073

Биыл да карантиндік шектеулер болып үйден шыға алмағанымызбен, біршама адамның жұлдызын жаққан да осы жыл болды. Қойшы бала, сылақшы қыз дегенді естіген боларсыз?! Kznews.kz сайтының тілшісі 2021 жылы бір сәтте жұлдыз болған жандарға шолу жасайды.

Қойшы бала — Айдос Кәден

Айдос есімді ауыл баласының дастарқан басында ән айтқан видеосы TikTok желісінде екі күнде 1 миллионнан астам қаралым жинады. Баланың талантына тамсанған желі қолданушылары видеоны барынша таратып үлгерді.

Желіде тараған видеоларда ол Абайдың «Көзімнің қарасын», Өмірқұл Айниязов орындайтын «Бір шәугім шай», Қарақат Әбілдинаның «Жақсы адамдарым» және Аян Сейітовтің «Ауылым» әнін шырқайды.

Жас өнерпаз Алматы облысы Кеген ауданы Бөлексаз ауылында тұрады. Әкесі Жұмажан ұлының ән шырқаған видеосын әлеуметтік желіге кім салғанын да білмейтінін айтты. Ауылдарына қаладан демалысқа адам көп келетіндіктен, көбі ән айтқызып, видеоға түсіріп кетеді екен. Видеоны сол меймандардың бірі салған шығар дейді.

Сылақшы қыз – Гүлмайдан Серікбай

Жылдың соңында көптеген блогерлер құрылыста жүріп ән салған қыздың видеосын жарыса салды. Ол — 1994 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген Дана Серікбай (шын есімі – Гүлмайдан). Дананың музыкалық білімі жоқ. Тек 3 курс оқып, оқуы аяқталмай қалған. Видео желіде таралған уақытта Алматыдағы пәтерлерде жөндеу жұмыстарын (евроремонт) жасап жүрген екен.

«Халық дәл осылай қолдайды деп ешқашан ойламаппын. Өйткені бұл жүрегімде тұншыққан арманым еді. Жұмыста жүргенде ән айтып жатқанымды жақын досым болып кеткен Жұлдыз сыртымнан байқатпай видеоға түсіріп, TikTok-қа салып жіберіпті. Ол екеуіміз құрылыс алаңына бірге шығып, жұмыс істейтінбіз. Бос үйдегі жақсы акустиканың арқасында дауыс әсерлі шығыпты, сөйтіп интернет аудитория арасында тарап кетті деп ойлаймын», − дейді Гүлмайдан Серікбай Baribar.kz тілшісіне берген сұқбатында.

Қуаңшылықта көмек көрсеткен Құрмет Талапқазы

2021 жылы еліміздің батыс өңірлері қар мен жауынның тапшылығынан қатты зиян шегіп, мал басы қырылып қалғанын білесіздер. Сол қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қол жинап, шөп жіберген Құрмет Талапқазының ерлігі барша халықтың есінде.

Естеріңізде болса, жылдың ортасында халықты ауыр кезеңді басынан өткеріп жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына көмектесуге шақырған өткір тілді азаматтың сөздері әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.

Құрмет бастаған еріктілердің Маңғыстаудағы қуаңшылықтан жұтаған елге арнап дайындаған шөбінің алғашқы легі шілде айының ортасында жеткізілген болатын. Ол кезде 10 вагон шөпті Құрметтің өзі барып табыстаған.