Құқық қорғау қызметкерлері арасында «Үздік қызметкер» республикалық байқауы жарияланды

0
12 Желтоқсан 2018, 17:24 253 0

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен құқық қорғау органдары арасында «Үздік қызметкер» республикалық конкурсы өтеді.

«Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру, қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу, тіл мәдениетін жетілдіру осындай негізгі міндеттер қойылған болатын. Бағдарламада көрсетілген міндеттерді, нысаналы индикаторды орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен құқық қорғау органдары арасында «Үздік қызметкер» республикалық конкурсын өткізу қолға алынып отыр» — дейді ұйымдастырушылар.

Байқаудың мақсаты: құқық қорғау, органдары қызметкерлерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, оны оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру; мемлекеттік тілде сөйлеу мәнері мен шеберліктерін шыңдау, күнделікті өмірде, қызметте мемлекеттік тілді қолдануға және мәдениетті сөйлеуге қызығушылықтарын арттыру; мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдық өмірдегі әлеуетін арттыру; тілді үйренуге қызметкерлерді ынталандыру; тілдік ортаны қалыптастыру және тіл мәдениетін арттыру; мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің іс-тәжірибесін тіл үйренуде үлгі ету.

Байқаудың өткізілу тәртібі: Конкурсқа құқық қорғау, арнайы және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құрылған командалар қатысады. Әрбір команда 5 адамнан тұрады, 1 мүшесі өзге ұлт өкілі болып табылады. Конкурсқа қатысушы командалар кезеңдер бойынша сайысқа түседі.

Бірінші кезең (тезисі: ұйымның қызметіне және рухани жаңғыру бойынша атқарылып жатқан нақты істерге негізделуі шарт) төмендегіні қамтиды: 1)Таныстыру (қызметтік міндеттерін халыққа таныстыру – көрініс, уақыты – 3 минут); 2)бейнеролик (уақыты – 2 минут);

Екінші кезең «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» тақырыбындағы жағдаяттық сахналандырылған көріністен тұрады (уақыты – 7 минут).

Конкурс қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау мақсатында ғалымдар, тіл мен әдебиет, педагогика салаларының зиялы қауым өкілдері, еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлерінен тұратын қазылар алқасы құрылады. Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және ұйымдастырушылар бекіткен жүлде қорымен марапатталады.

Конкурс жайлы толығырақ 8(727)293-88-75, 8(727)293-88-94, 8(702)750-56-66 телефондарынан білуге болады.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ