«Құдай жеткізуімді сұрады». Айсұлтан Назарбаевтың айтқаны қаңтар оқиғасында дәл келді
2020 жылы 16 тамызда бұрынғы президент Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев жұмбақ жағдайда көз жұмды. Биыл оның қайтқанына екі жыл толды.
Осы орайда, Halyq Uni тілшісі Айсұлтанның әлеуметтік желідегі жазбаларына шолу жасай отырып, қаңтардан кейінгі оқиғалармен сәйкестігін анықтап көрді.
Әлеуметтік желіге Айсұлтан Рахат деп тіркелген ол екі жыл бұрын биліктегі туыстары жайында бірнеше өткір мәлімдемелер жасап, оларды «жемқор» деп айыптаған еді.
Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы Айсұлтанның мұндай тосын жазбаларын жұртшылық таңырқай қабылдады. Оның әлеуметтік жазбаларында «Құдай жеткізуімді сұрады» деп келетін болжамдарының арасында тура келгені де бар.
2020 жылы 22 қаңтарда Айсұлтан алғаш рет қатарынан үш пост жазып, онда анасы Дариғаның атын атай келе, өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Онда атасы мен әкесінің өлімінен есеңгіреп қалғанын, нағашы атасы Назарбаевтың қолдауымен нашақорлықтан құтылуға уәде бергенін айтқан еді.
Осы оқиғаға дейін Айсұлтанның осы бір әрекетіне қатысты оның туыстары мен Қазақстан билігі үнсіз қалуды жөн көрген.
Тек аталған даулы жазбаларға қатысты билік өкілі ретінде сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев жазбаның «белгілі бір адамдардың манипуляциясымен жазылғанын» мәлімдеді. Министр есірткіге тәуелді адамның мәселесін пайдаланып, «арзан рейтинг» қумауға шақырды.
Адамның бақытсыздығынан құрылған барып тұрған арзан рейтинг. Тақырыпты жабу қажет. Бұл оқиғалар Нұрсұлтан Назарбаевты дискредитациялау амалы, лас ойын. Мұндай нәрселер жазасыз қалмайды, – деді Абаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында.
«400 АДАМНАН ТҰРАТЫН САЛАФИТТІК ТОП ОРМАНДА ЖАСЫРЫНҒАН»
Айсұлтанның 2020 жылғы 6 маусымдағы «Елбасы айналасындағы топтың» билікті басып алуға дайындалып жатқаны туралы жазбасының биылғы қаңтардағы оқиғалармен ұқсас тұстары бар.
Ол белгілі бір адамдардың 400 адамнан тұратын салафиттік топқа демеушілік жасайтынын, олар тау мен орманда жасырынған хабарлаған еді.
«Бір Алла Тағала Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның айналасындағылардың қалыптасқан салафиттер топқа демеушілік жасап, қажеттінің барлығымен, соның ішінде қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырғанын жеткізуді сұрады. Олардың саны 400-ге жуық. Олар билікті күшпен басып алу үшін барлық қажетті қару-жарақпен қаруланған. Орман мен тауда жасырынған, кейбіреулері орталық Қазақстанға, астанаға жақын маңайға көшірілді! Спутникпен және радиолокациялық барлау оларды оңай таба алады! Бұл олардың екінші жоспары! Бірақ бұл болмайды, өйткені альфа мен омега басы мен соңы осылай деді!» – деп жазба жариялады.
Алайда көпшілік Айсұлтанның «дуаға» қатысты түсініксіз жазбаларын салмақты қабылдамады. Оның «Құдай жеткізуімді сұрады» деп басталатын жазбаларын келемежге айналдырып, голливудтық режиссерлермен жұмыс істегені жөн болатындығын айтып пікір жазды.
Айсұлтан үш күннен соң тағы да пост жазып, Владимир Путинге «Қазақстанда жоспарланған төңкеріс туралы барлау мәліметтерін» жеке Назарбаевтың қолына беруді сұрады. Ол мұның артында АҚШ орталық барлау агенттігі тұрғанын атады.
«Қазақстандағы төңкеріс әрекетінің артында АҚШ-тың арнайы қызметтері, атап айтқанда CIA (ОБА – орталық барлау агенттігі) тұрды, олар салафиттерді және радикалды ағымдардың исламшыларын пайдаланды. Мұның бәрі не діни, не ұлтшылдық негізде басталады! … Ресейді қоршап, оны бейтараптандыру үшін Ресейде хаос орнату басты міндет болды. Бұл жоспар 1995 жылы жоспарланған болатын! …Президенттің жақын ортасы да қатысты, бұл мұқият ойластырылған операция болды!» – деп жазды Айсұлтан фейсбук парақшасына.
МЕМЛЕКЕТКЕ ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАҒАН ТОП ҰСТАЛДЫ
Айсұлтанның жазбаларында айтылғандай, екі жылдан соң биылғы қаңтар оқиғасы кезінде «мемлекеттік төңкеріс» жасауға талпынған қылмыстық топ ұсталды. Президент Тоқаевтің өзі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы кезінде әскери іс-қимылдың бір орталықтан үйлестірілгенін айта келе, олардың мемлекеттің төңкеріс жасау ниеті болғанын атады.
«Мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 қылмыстық іс қозғалып, алғашқылардың бірі болып ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімов пен үш орынбасары қамауға алынды.
Сондай-ақ, 19 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тыңшылық еткен, мемлекетке опасыздық жасаған, мемлекеттік құпияларды заңсыз жинап, жария еткен деген күдікпен тағы бір топ адам ұстағанын хабарлады. Қозғалған қылмыстық істер «құпия» болғандықтан, өзге ақпараттар жария етілмеді.
Сол сияқты Алматыдағы шеру кезінде ұйымдасқан арандатушы топ көше бойын түгел қиратып, мемлекеттік ғимараттарды өртеді. Бас прокуратура жаппай толқуға ұласқан митингілер кезінде ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері қатысқанын мәлімдеді.
Ұсталған қарулы топ арасында «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев те бар. Қаңтардағы бүлік кезінде оның қасында жүрген кәсіпкер Қайрат Құдайберген де қазір қамауда отыр.
Қазір барлық қылмыстық істер бойынша 286 күдікті ісі тергеліп жатыр.
АЙСҰЛТАННЫҢ ЖАЗБАЛАРЫНДА ЕСІМІ АТАЛҒАНДАР ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Айсұлтан Назарбаевтың «мемлекеттік төңкеріске» қатысты осы жазбаларынан 8 ай ерте жарияланған мәлімдемелерінің де кейбірі орындалды.
Мәселен, 2020 жыл 13 ақпанда ол Facebook желісінде Ұлыбританиядан саяси баспана сұрап пост жазды. Айсұлтан өзінің жазбасында Қазақстан мен Ресей билігін жемқорлықпен айыптап, Қазақстан газының Ресейге арзан бағамен сатылып жатқанын хабарлады.
Мемлекет тізгінінде отырғандарға Құдай емес екенін дәлелдейміз! Олар, әрине, бізді қудалауы, өлтіруі, бостандығымыздан айыруы, тіпті өмірдегі ең қиын жағдайларға апаруы мүмкін. Бірақ, сеніңіз, Құдай бізбен және біз жеңеміз! Осы уақытта менің отбасым маған барлық жағынан қысым көрсетуге тырысып жатыр, – деп жазды Айсұлтан.
Оның айтуынша, жылына газдан түсетін шамамен 700 миллион доллар табысты Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев бөліп алады.
«Анам мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаев осы келісімшартты Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаевтан тартып алғысы келгенде, жанжалға тап болдым», – деп жазды ол.
Расында да, қаңтар оқиғасынан соң Нұрсұлтан Назарбаев пен оның туыстары, айналасындағы олигархтар өз ықпалынан бірте-бірте айырыла бастады. Айсұлтанның жазбаларында есімі аталғандар қызметтен кетіп, кейбірі қамауға алынды.
Мәселен, 2022 жылы 17 наурызда Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев қамауға алынды. Forbes Kazakhstan рейтингісіндегі Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарындағы Боранбаев квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты жымқыру күдігімен ұсталды.
Қайрат Боранбаев тергеу барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ Қаржы мониторингі агенттігінің 11,3 миллиард теңгеге жуық шығынын өтеген.
Боранбаев 2000-2002 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ компаниясының атқарушы директоры және «Intergas Central Asia» коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары «ҚазРосГаз» компаниясының бас директоры қызметтерін атқарды.
Артынша Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев та «QazaqGaz «ҰК» АҚ Басқарма төрағалығынан өз еркімен кетті. 6 маусым күні «QazaqGaz» компаниясы төрағалығына Санжар Жаркешов тағайындалып, Үкімет сағатында Шәріпбаевтың кезінде компанияда 2,2 миллиард доллар көлемінде заң бұзушылық болғанын хабарлады.
АЙСҰЛТАННЫҢ СОҢҒЫ ЖАЗБАСЫ
Айсұлтан Назарбаев әлеуметтік желідегі парақшасы әлі де ашық. Оның биліктегі ықпалды тұлғалар мен туыстарын сынаған жазбалары желіде сақтаулы тұр.
Ол Facebook әлеуметтік желісінде 2020 жылы 17 шілде күні жемқорлыққа қарсы соңғы жазбасын жариялады.
Онда «Қазақмыс» компаниялар тобының президенті Владимир Ким мен оның «арсыз» бригадасының Қазақстан мүлкін ұрлап жатқанын жеткізген. Сонымен бірге «Қазақмыс» пен «Kaz Minerals» компаниясындағы тәртіпсіздіктер үшін жауап беруін, қолында Владимир Кимнің Қазақстан халқынан ақша ұрлағанына қатысты құжаттардың бар екенін жазған.
«Лондондағы қор нарығында тұрған Қазақмыс, қазіргі Kaz Minerals компаниясының неліктен бұлай болғанын түсіндіріңіз. Неліктен ол акцияларды сатып алушыларға ешқашан қомақты дивиденд төлемеген? Өйткені, мұның астарында Қазақстанның жарнамасы, Елбасының жасағысы келген елдің болмысы жатыр!», – деген Айсұлтанның жазбаларында нағашы атасына қатысты оң пікірі байқалады.
Үнемі Елбасы деп атай отырып, өзі байқаған заңсыздықтарды нағашы атасының назарына жеткізгісі келгендей.
Айсұлтан – Назарбаев әулетіндегі шиеленісті тартыстқа өзге туыстары сияқты көз жұма қарап, шыдай алмады. Тағдыры қарама-қайшылыққа, арпалысқа толы болған Айсұлтан отызға толмай жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның денесі 2020 жылы 16 тамызда Лондон саябағынан табылды.