«Құдай баламды қараусыз қалдырмайды»

0

Рәзия Асланда аутизм синдромы бар екенін білген соң интернеттегі жазбаларды оқып, зерттей бастаған. Оның айтуынша, он жыл бұрын аутизмге қатысты ақпарат өте аз болған, сондықтан баласына көмегі тиеді-ау деген амалдың бәрін байқап көрген.

— Интернеттен дельфинотерапия туралы оқыдым, баламды одессалық дельфинарийге апардым, ол Асланға қатты ұнады. Биологиялық белсенді қоспасы бар глютенсіз диетаға отыру керек дегенді естіп, жеті жыл сол диетаны ұстадық. Бірақ оның көмегі болмады. Ұлымды дене терапиясына апардым (дене қимылдары арқылы психологиялық проблемалармен және невроздармен жұмыс істеу — ред.), ол жерде баламды скотчпен орап қойды, сол күйінде еңбектеп, еденге аунауы керек екен. Асланға ұнамады, қорқа бастады. Жақсы әсері болар деп күттік, бірақ оңалмады, — дейді Рәзия Ахметова.

ЖАҚСЫ МАМАНДАР АЗ

Рәзияның айтуынша, Алматыда жақсы мамандар тапшы, сөйлемейтін, кейде ызбар танытатын баламен жұмыс істей білетін маман табу қиын. Логопед те көмектесе алмады, басында прогресс болғанымен, кейін дәрігер балаға тым көп тапсырма беріп, сөйлегісі келмей қалған. Рәзия амалы таусылып, түңіліп кеткенін мойындайды.

Асланның анасы Рәзия Ахметова. Алматы, 23 желтоқсан 2018 жыл.

Асланның анасы Рәзия Ахметова. Алматы, 23 желтоқсан 2018 жыл.

— Бірақ бірде Асланды капоэйра жаттығуына (бразилиялық әскери өнер – ред.) апардым, алматылық жаттықтырушы Рустам Балабаев ерекше балалармен жұмыс істейді екен. Басында бала қарсылық танытты, бірақ кейін нәтиже бере бастады, денесін игеріп, физикалық тұрғыда дами бастады. Баламның спортқа бейімі бар екенін байқадым, оның үстіне, спорт орынсыз агрессияны басуға ықпал етеді, — дейді Рәзия.

Капоэйрадан бөлек Аслан тхэквондоға барады, атқа отырып серуендейді (басында аттан қорқатын, кейін ерде еркін отыратын болды), тау шаңғысында бейімді сырғанауды меңгерді (ата-анасы баланың осы спорт түрін меңгере алатынына күмәнданған еді) және суда жүзе алады.

— Асланның энергиясы көп, асып-тасып тұрады, оны бір жаққа бағыттау керек. Әрине, кейде агрессияға беріледі, ондай кезде құшақтап «кең тыныста» деймін, сосын ақырындап тынышталады, — дейді Рәзия Ахметова.

«ӨЗІМЕ ҚАРАУҒА УАҚЫТ БОЛМАДЫ»

Рәзия Аслан өмірге келген соң өз өмірінің толықтай өзгергенін айтады. Баласы туғанға дейін ол банкте жақсы қызмет істеген, сондықтан үйде қол қусырып отырғанға қиналады. Оның үстіне бірнеше жыл бұрын Рәзияда қатерлі ісік бар екені анықталған. Былтыр оған операция жасады, одан соң он курс химиятерапия алды, нәтижесінде көзінің көруі нашарлап, қолдары икемге көнбейтін болған.

— Жазда Аслан екеуміз бассейнге бардық, сол кезде жүзуге қиналатынымды байқадым. Себебін түсінбей онколог, невропатолог дәрігерлерге көріндім. Бірақ олар еш ақау таппай, қолыңмен жаттығу жаса деп, жақпа майлар берді, тіпті Кузнецов аппликаторын да ұсынды. Бірде жақсы мануальді терапевт маманға бардым, ол химиядан соң шеміршектерім кеуіп, омыртқам отырып қалғанын, соның кесірінен көру мен қолдың жұмысына жауап беретін қан тамырлары қысылып қалғанын айтты. Ол ем тағайындаған соң жағдайым жақсарды – оң қолымды көтере аламын, сол қолым сәл баяу қалпына келіп жатыр. Әлбетте, жүйкеге түскен салмақ пен күйзелістен [онкологиялық] дертке шалдықтым. Психологқа барған жоқпын, үнемі балаға қарадым, өзіме көңіл бөлуге уақыт болмады, — дейді Рәзия.

Асланнан бөлек, Рәзияның екі қызы да бар, бірақ олар бауырларына қарай алмайды: үлкені – студент, Прагада оқиды, кішісі – мектеп оқушысы, бауырына қарауға шамасы келмейді, ал әкесі үнемі жұмыста. Сондықтан Рәзия қайда барса да баласын өзімен бірге алып жүреді.

Аслан әпкелерімен бірге. Сурет мұрағаттан алынған

Аслан әпкелерімен бірге. Сурет мұрағаттан алынған

ҚОҒАМ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАМАЙДЫ

Рәзия Ахметованың пікірінше, Қазақстан қоғамы әлі күнге дейін ерекше балаларды жатырқап қабылдамайды. Бірнеше рет сондай жағдайды да байқаған.

– Бұрын 28 панфиловшылар саябағы маңында тұрғанбыз, сол жерде жиі серуендейтінбіз. Аслан көгершін қуғанды ұнатады. Бала жүгіріп, құстарды қуса, адамдар оны тоқтатып «жүгірме, ойнама» деп ескерту жасайтын. Мен ұрысудан шаршадым, сырттай қарап тұрамын, бір күні Асланға ескерту жасаған ер адамға «Балама тимеңіз, неге жүгіруіне болмайды? Бұл саябақ қой, бала көгершіндермен ойнасын, бастарын жұлып алмайды ғой» дедім. Ол адам маған «Осындай нақұрыс әйелмен сөйлесу мүмкін бе? Әрине, оның баласы да сондай болып туады!» деді, — дейді Рәзия Ахметова.

Рәзияның айтуынша, мұндай жағдайлар адам көп жиналған жерлерде жиі болып тұрады. Бала қуанса айғайлап, шыңғырады, себебі көңіл-күйін басқаша білдіре алмайды. Бірде кинотеатрда бір әйел Асланның басқа балаларға мультфильм көруіне кедергі келтіретінін айтып залдан шығуларын сұраған. Ал Рәзия болса, баласының басқалармен бірге кино көруге құқығы барын айтқан.

Өзі өмірден кеткен соң Асланның жағдайы қалай болатынын Рәзия ойламауға тырысады, бірақ Құдайдың ұлын қараусыз қалдырмайтынына сенеді.

— Жүкті кезімде Құдайға сене бастадым, әйтпесе шыдамым жетпес еді. Аслан туған соң бойыма тың күш бітті. Бұрын «мен кеткен соң оның жағдайы не болмақ» деп уайымдайтынмын, қазір оны ойламауға тырысамын. Қыздарыма «бірге болуларың керек» деймін. «Университет бітіресіңдер, жұмысқа тұрасыңдар, бірақ бауырларыңды қалдырмаңдар. Сендерге қолдау жасайтын жігітке тұрмысқа шығыңдар, «бауырыңды ал да, кет» дейтін адам болмасын» деймін. Қыздарым оны қараусыз қалдырмайды деп ойлаймын. Құдайға сенемін, оны осылай жаратса, өзі қамқорлық жасар, — дейді Рәзия Ахметова.

Рәзия Ахметова (сол жағында бірінші) балаларымен бірге. Сурет мұрағаттан алынған

Рәзия Ахметова (сол жағында бірінші) балаларымен бірге. Сурет мұрағаттан алынған

“Біз кеткен соң бұлар қандай күйде болады? Біз өмірден озған соң бұлардың өмірі өзгермеуі үшін қазір не істей аламыз? Олар ұсқынсыз интернат жүйесінің бір бөлігі болып кетпей, өз құқықтарын, үйін сақтап қалуы үшін не істей аламыз? Менталдық және интеллектуалдық ауытқуға ұшыраған адамдардың жақындарын осы сұрақтар көп толғандырады.

“Сорос – Қазақстан” қорының қолдауымен журналистер Петр Троценко мен Ботагөз Сейдахмет осы ауыр да нәзік мәселенің түйінін шешуге тырысады. Олар жинаған оқиғалар мен сұхбаттар – “Біз кеткен соң” деп аталатын жобаның материалдары. Азаттық осы жобаның ақпараттық демеушісі болып отыр.

Дереккөз: Азаттық