ҚУАТТЫ КОМАНДАҒА АЙНАЛДЫ | «Айқын» газеті
Хайыржан Тақуов – «Нұр Отан» партиясының негізін қалаушылардың бірі. Бүгінгі күні құрметті еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, өзі іргесін қаласқан партияның тыныс-тіршілігін қалт жібермей қадағалап отырады. Ал партия туралы аса ыждағатпен әңгімелейді. Жиырма жыл бұрынғы оқиғалардың айы мен күнінен жаңылмай баяндағанда, таңғалмасқа шараңыз қалмайды. Оның пікірінше, биыл партия тарихын жазуға ең бір лайықты да қолайлы кезең. Себебі, партияны құруға атсалысқан көзі тірі куәгерлер басы артық әңгімеге жол бермейді.
«Партияның құрылу тарихының бұрмаланғанын мүлдем қаламаймын. Кейін біреулер басқалардың еңбегін иемденіп, ойдан аңыз құрастырғанына жол бергім келмейді. Өкінішке қарай, тарихты қайта қарау, заманауи тұрғыда бағалау, талқылау деген адами ерекшелік бар қоғамда. Бізде бастапқы дереккөзге мән бермей, сол замандағы деректі әдебиетті зерттемей ас үй деңгейіндегі әңгімелерді негіз етіп, өткен жылдар оқиғаларын асығыс-үсігіс бағалап, кітап жазатындар көбейді ғой. Партия тарихына байланысты осындай салғырт қатынастың орын алуына қарсымын. Өз басым объективтілікті жақтаймын. Сондықтан да біз – партияның құрылуына қатысымыз болған адамдар ретінде «Отан» партиясының тарихы («Нұр Отан» партиясының алғашқы атауы) таза парақтан басталғанын мәлімдейміз.
Партия шежіресі туралы айтқанда, ә дегеннен еске 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік лауазымға кандидаттығын қолдау жөніндегі Қоғамдық штабының құрылуы түседі. Сергей Терещенко мырзаның шақыруымен (екеуміз ертеректе бірге жұмыс істегенбіз) штабтың атқарушы директоры болып жұмыс істеуге кірістім. Штабтың аймақтық филиалдары болды, жұмысымыз біртұтас механизм секілді жолға қойылды. Президент сайлауы абыроймен өтті. Ал штабта жұмыс істеген мыңдаған мүдделес армиясы ары қарай не істейміз деген сұрақтың жауабын таба алмай абдырап қалды. Әсіресе, өңірлерден «біз енді ары қарай не істеуіміз керек? Штаб шынымен таратыла ма? Алда тағы да сайлаулар болады емес пе?» деп телефон шалып, сұрақтың астына алды. Содан кейін штабты партияға айналдыру туралы шешім қабылданды. Сондықтан да осы тұста партияны құруға билік бастамашы болды деген болжамды сенімді түрде жоққа шығарамын. Партия ел Президентінің саясатын қолдаған қоғамдастықтың тілегі негізінде пайда болды.
1999 жылдың 1 наурызында Алматыда партияның құрылтайшылық съезін өткіздік, сол күннің екінші жартысында қатарымызға бірнеше партия мен қозғалыс қосылды. Осылайша, «Отан» партиясы дүниеге келді. Алғашқы жылдары партияның жағдайы айтарлықтай жақсы болмады, аймақтағы атқарушы директорлар ұзақ уақыт жалақысыз жұмыс істеді, олар партияға адалдығын осылайша дәлелдеді.
Әлі есімде, алғашқы кездері Сергей Терещенко жетекшілік еткен «Интеграция» қорымен бір кабинетте қысылып-қымтырылып отырдық. Аталған қор партияға шамасы келгенше көмектесіп тұрды. Біз де мүмкіндігінше демеушілер табуға тырыстық. Партияның жеке ғимараты болмады. Әр жерге көшіп-қонып жүрдік, сондағы ойымыз – ақша үнемдеу. Біз тіпті бұрынғы Азық-түлік өнеркәсібі министрлігінің лабораториясында да жұмыс істегенбіз. Айналамызда зертханалық жұмыс үшін қолданылатын түрлі-түрлі шыны сауыттар… сол ғимаратта жөндеу жүріп жатты ма, әйтеуір айналаның бәрі шаң, құм болатын. Ал орталық кеңседе бұған дейін министрлікке дейінгі жоғары қызметтер атқарғандар жұмыс істеді. Сол кезде жоғары жаққа өтініш айтып, жайлы да жабдықталған кабинет сұрау ойымызға келмепті. Бұл партияның елдегі белсенділер бастамасымен құрылғанының бір дәлелі деп білемін.
2005 жылы партияның бас кеңсесі Астанаға қоныс аударды. Сол жылы Президент сайлауы өтті. Осыдан кейін партия саяси оқиғалардың эпицентрінде болуы керек деп шешілді. Ол кезде «Отан» партиясының Саяси кеңесінің мүшесімін. Бұл партиямыздың қатары толыға түскен, аймақтар мен ұжымдарда партия жұмысы белсенді сипат алған кезең болатын.
«Нұр Отанның» халықшыл партияға бір күнде айнала салған жоқ. Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тобына назар аудардық. 2001 жылы өткен партия съезінде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасын бекіттік. Бағдарлама бекісімен партияға кәсіпкерлер де келе бастады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да баса назар аудардық, түрлі салада шаралар ұйымдастырдық. Мәселен, Қаскелең ауданының қатардағы мектебі бастамашыл болған бокс турнирін халықаралық турнир деңгейіне жеткізе алдық. Әскери-патриоттық тәрбиеге де көңіл бөлдік. Халыққа жаңа идеяларымызбен жақындай түстік. Халық тарапынан да түрлі идеялар ұсыныла бастады. Оның барлығы партияның алдағы жұмыс жоспарына енгізілді. Біз көшбасшымыз ретінде Мемлекет басшысын атағандықтан, оның барлық тапсырмасының жергілікті жерлерде орындалуына ықпал еттік.
«Нұр Отанның» бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақсы таныспын. Партияның бұрынғыдай көшбасшы екені көңіл қуантады. Жиырма жыл ішінде «Нұр Отан» еліміздегі мүдделестердің күшті де қуатты командасына айналды.
Бүгінде қатардағы зейнеткер ретінде тележаңалықтар қараймын, газет оқимын, сондағы түйгенім, партия атынан сайланған депутаттар әлі де белсендірек болса екен. Бізде неге барлық бастама Президенттен шығады? Бұл депутаттық жұмыс қой. Депутаттар аймақтарды аралайды, ел мұңын тыңдайды. Сол мәселені неге Парламент мінберінен Үкіметке жеткізбеске. Мәселенің ушығып кетуіне жол бермеу үшін де депутаттарымыз жедел жұмыс істеуі керек. Партияның жас көшбасшылары халыққа жақын болса, ашық болса деймін.
«Нұр Отанның» көптеген жобасы қазақстандықтар тарапынан қолдауға ие болып отырғанын білемін. Осы бағыттан таймасын, жеңістің бәрін халықпен бірге бағындырсын!
Дайындаған
Айдана БЕГІМ
Дереккөз: Айқын