«ҚТЖ» компаниясының қызметкерлері коронавирус жұқтырғаны рас па – ресми жауап

0
4

«Мәскеу – Нұр-Сұлтан» және «Франкфурт – Нұр-Сұлтан» рейсімен ұшып келген компанияның бірнеше қызметкері қазір үй карантиніне алынған

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері арасында коронавирус жұқтырғандар жоқ. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бірнеше қызметкер коронавирус жұқтырды деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Мәскеу – Нұр-Сұлтан» және «Франкфурт – Нұр-Сұлтан» рейсімен ұшып келген компанияның бірнеше қызметкері ұшақта коронавирус жұқтырған жолаушылар болғандықтан, үй жағдайындағы карантинге алынды. COVID-19 бойынша тест олардың вирус жұқтырмағанын көрсеткен. Дей тұрғанмен, олар қазір үй карантинінде. Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері арасында коронавируспен ауырғандар жоқ»,- делінген ресми хабарламада.

Баспасөз қызметінен атап өткендей, осы жылдың 1 ақпанынан бастап Алматы – Үрімші және Нұр-Сұлтан – Үрімші жолаушылар пойыздарының жүру бағыты Достық станциясына дейін қысқарды.

Бұдан бөлек, елорданың тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесіп, жолаушылардан немесе қызмет көрсететін персоналдан коронавирус анықталса, пойыз бригадасы қызметкерлерінің іс-әрекеттері тәртібін регламенттейтін нұсқама әзірленді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда кейбір сауда орындары мен базарлар ерте жабылады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар пойыздарында көрнекі ақпарат және жадынама, фирмалық және коммерциялық пойыздардың мультимедиялық порталдарында коронавирустың алдын алу жөніндегі бейнероликтер орналастырылған.

Жол жүру барысында зарарсыздандыру құралдарын қолдана отырып, 4 реттен кем емес ылғалды тазарту жүргізіледі. Пойыздарда ауру анықталған жағдайда зарарсыздандыру құралдары, медициналық маскалар және өзгелері (шүберек, шелек, есепке алу дәптері) қарастырылған.

16 наурыз сағат 8.00 мәлімет бойынша республикада барлығы 9 адам, соның ішінде он екі жастағы бала, вирус жұқтырған: Нұр-Сұлтанда – 2, Алматыда – 7.

16 наурыздан 15 сәуірге дейін ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді. Яғни, ірі сауда орындары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер мен халық көп жиналатын басқа да нысандар жұмысын уақытша тоқтатады.



sputniknews.kz