ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Chevron басшылығымен кездесті

0

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Шеврон» (Chevron) компаниясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсонмен келіссөз жүргізді.

Тараптар «Теңізшевройл» (ТШО) болашақ кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру перспективасы мәселелерін талқылады.

Заманауи экологиялық таза технологияларды қолдану, әлеуметтік жобаларды іске асыру, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі саласында жоғары стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

«Шеврон» үш ірі жобада – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.  

2020 жылы ТШО-да шикі мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тоннаны құрады. Мемлекетке $6,6 млрд көлемінде тікелей қаржылық төлемдер жүзеге асырылды, $3,5 млрд астам сомаға қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтері сатып алынды.

Биыл ТШО-да 26,3 млн тонна көлемінде мұнай өндіру жоспарлануда. 2021 жылдың 8 айында мемлекетке төлемдер $4,9 млрд құрады. Болашақ кеңейту жобасының аяқталуы 2023 жылдың соңында өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

ТШО газы Атырау облысында полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (жылына 1,25 млн тонна) өндіретін екі ірі газ-химия жобасы үшін шикізат болып отыр.

Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Қазақстанда $248,5 млн көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум Қазақстанның мұнай-газ саласындағы, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы тауар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді ұсыну жөніндегі коммерциялық кәсіпорындарға инвестиция салу жолымен экономиканы және жергілікті қамтуды дамыту үшін қор құруды көздейді.  

Қор капиталын «Шеврон»-ның Қазақстанда алған пайдасының бір бөлігіне тең. Кездесуге энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.