ҚР Энергетика вице-министрі екі айға қамауға алынды
2018 жылғы 19 қараша 15:39 58
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Шкарупа Анатолий Валерьевичті 2 айға, яғни 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін қамауға алу түрінде санкциялық шара қолдану туралы тергеу жүргізіп жатқан органның өтінімін қанағаттандырды», — деп хабарлады Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Еске сала кетсек, Бас прокуратура Саран қаласының бұрынғы әкімі, ал қазіргі кезде Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа 2015 жылы 215 млн теңгені жымқыру күдігіне ілінуіне байланысты қылмыстық іс қозғаған болатын.
«Заң тарапынан жақында Энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалған Шкарупаға қатысты шағым бар. Осыған дейін Саран қаласы әкімі лауазымында болған. Ол 2015 жылы Қарағанды облысы Саранда жылуды есептеу құрылғыларын орнатуға бөлінген 215 млн теңгені жымқыруға қатысы бар деген күдікке ілікті. Есептеуіш құралдар бос қабырғаларға орнатылған. Аталған факті бойынша біз қылмыстық істі тергеуге кірістік», — деген еді Бас прокурор Қ. Қожамжаров Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарифтерді заңсыз көтерген монополистерді жазалауды талап етті.