Қостанайлық полицей өрт кезінде төрт адамды аман алып қалды
«Таңертең жұмысқа таксимен келе жатып, Баймағамбетов көшесіндегі бір үйдің тересінен қою түтін шығып жатқанын көрдім де, дереу машинаны тоқтатып, өзім үйге қарай жүгіріп кеттім, ал таксистке «жедел жәрдем» мен поллицияға хабарлауын өтіндім» дейді Жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері Темірболат Шүлембаев.
Полицей үйдің қақпасын қағып еді, ешкім жауап бермеді. Ол қақпадан секіріп түскенде есіктің алдындағы тарсылды естіген үйдің иесі әйел жүгіріп шықты. Қорқып кеткен әйел, үйде күйеуі мен екі баласының қалып қойғанын айтты. Полицей көп ойланып жатпайды, дереу үйге кіріп, ер кісі мен балаларды алып шықты. Бұл кезде таксист де қайта оралған еді, ол да көмек берді. Полицей дереу үйдің иесіне құжаттарды алып шығу керектігін айтып, оны бірге іздесті. Ол қайта кіріп, көрпелер мен балалардың киімін алып үлгерді. Полицей бір үйлі жанды аман-есен алып шыққанда, өрт сөндірушілер де келіп, отты ауыздықтады. «Жедел жәрдем» дәрігерлері оттан аман қалған отбасына көмек көрсетті.
Отбасын тілсіз жаудан аман алып қалған соң, ол бірнеше минуттан кейін жұмысында отырды. ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын енді ғана бітірген жас жігіт қырағылығының арқасында төрт бірдей адамды ажалдан арашалап қалды. Қыс мезгіінде жеке сектордағы үйлерде өрттен, иіс тиюден адамдар бақытсыздыққа ұшырап жатады. Өкінішке қарай, от қашан күш алып кеткенше айналадағы адамдар түтіннің неге шығып жатқанына мән бермейді. Жас полицейдің қырағылығы бақытсыздыққа жол берген жоқ.
«Мен тек өзімнің қызметтік борышымды орындадым», дейді Темірболат.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай