«Нұр Отан» партиясы «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады

0

Астана, BAQ.KZ. «Нұр Отан» партиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп жас ақын-жазушылар мен қаламгерлерге арналған «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады.

Бүгін көпшілікке таныстырылған бұл байқау Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған басымдықтарды дәріптеуге бағытталған қоғамдық іс-шара.

«Өткен аптада ғана жарияланған Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға ретінде қабылданып, осы салаға тың серпін бергені сөзсіз. Сол себепті де мақалада айтылған идеялар мен құндылықтар қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып, түрлі деңгейдегі талқылаулардың өзегіне айналды. Тіпті оларды жүзеге асыруға қатысты көптеген ұсыныстар мен пікірлер де айтылып жатыр.
Осы ретте бұл жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар және қоғам белсенділерімен бірге еліміздің зиялы қауым мен шығармашылық сала өкілдерінің де белсене қатысқаны абзал. Әсіресе, проза, поэзия, драматургия мен көркем және деректі фильмдердің маңызы зор. Осыны ескеріп, біз аталған байқау арқылы қоғамымыздың рухани жаңғыруына әсер ететін еңбектер мен тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттайтын шығармалардың жазылуына өз үлесімізді қосуды көздеп отырмыз» — деді партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуына қарағанда, байқау жеңімпаздары «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериал сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығарма» сияқты бес аталым бойынша анықталады.

Әр аталымда үш орын белгіленген. Нәтижесінде жеңімпаздарға – 1,5 млн, 2-орын иегерлеріне – 750 мың, ал 3-орын алған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі. Сондықтан бұл байқауды жас қаламгерлерге беріліп отырған зор мүмкіндік деп те қабылдауға болады.

«Алдағы уақытта жазуды серік еткен жастарымыз осы байқау арқылы Елбасының мақаласында айтылған басымдықтардың мәні мен маңызын дәріптеуге және оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосады деп сенеміз. Сондықтан барша жас шығармашыл қауымды байқауға белсене қатысуға шақырамыз» — деді Мәулен Әшімбаев.

Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады.

Байқау туралы толығырақ мына жерден білуге болады.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ