Қостанай облысында баспанасы өртенгендердің жаңа үйлерін су басып қалды

0

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккендер үшін салынған жаңа үйлерді су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жергілікті тұрғындар септиктерінің толып кеткеніне шағымданды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы мән-жайды түсіндірді.

«Ауа температурасы жылынып, бірнеше күнге созылған жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын салдарынан тұрғын үйлердің іргесіндегі аумақта су жиналды. Инженерлік-геологиялық зерттеулерге сәйкес, үйлердің іргетасы ылғалдан қорғалған, үйлерге су кірмейді, су басу қаупі жоқ», — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Үйлердің маңындағы суды сорғыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы техника кезекшілікке шығарылған.

Қостанай облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жоба бойынша септик орнату қарастырылмаған, ал уақытша тұндырғыштар мердігерлер қаражатына орнатылған.

«Бірлік» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің жеке кәріз жүйесіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. ЖСҚ дайын болғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.

Еске сала кетейік, қыркүйекте Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында орман өртенген еді. Бірнеше күнге жалғасқан өрт салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Аманқарағай ауылында 98 үй өртенді.