Қазақ қызы Қытайдағы ең жоғары мемлекеттік марапат — «үздік актриса» атағын иеленді (фото)

0
76

Қытайда белгілі өнер жұлдызы Риза Әлімжанқызы Flying Apsaras сыйлығын алды. Ол бұл сыйлық тағайындалғалы бері «үздік актриса» атағын алған тұңғыш қазақ актрисасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдың The Paper ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, биыл 33-ші рет үлестіріліп отырған Flying Apsaras сыйлығы Қытайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапаты. Риза Әлімжанқызы Minning Town телехикаясындағы рөлі үшін «үздік актриса» номинациясында топ жарған. Сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімі 1 қарашада Бейжіңдегі Шоуган аренасында өткен.

Марапаттау рәсімінде Риза Әлімжанқызы толқып тұрып: «Мен бақытты жан екенмін. Қазылар алқасына, еңбегімді бағалаған көрермендерге мың алғыс. Өздеріңізге ана тілімде алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер: РАХМЕТ!», — деп ағынан жарылған.

Айта кетейік, Minning Town телехикаясы былтыр қаңтар айында көрермені ең көп Қытайдағы бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған. Телехикаяға Қытайдың Нинся дүнген автономиялық регионының Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болған. Телехикаяда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойын ұсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдап, актерлік шеберлігімен көрермендерді тәнті еткен.