Қос Естек ауылындағы жағдай бірінші күннен бастап-ақ менің жеке бақылауымда
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде қасақана от қоюдан зардап шеккен Қос Естек ауылының тұрғындарымен кездесті.
Ауылдықтармен әңгімелескен ол жағдайдың бірінші күннен бастап-ақ оның жеке бақылауында екенін атап өтті.
Өңір басшысы:
«Арнайы топ құрылып, жұмыс жасап жатыр. Оның құрамына прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Аудан әкімдігі мен демеушілер барлық зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетті. Осыған кінәлі жандар Қазақстанның заңнамасына сәйкес жазасын алатын болады. Сондай-ақ, жекелеген полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады»,-деп сендірді.
Кездесуде болған Ақтөбе облысының Полиция департаментінің бастығы Махамбет Әбисатов аталмыш іс бойынша төрт күдікті анықталғандығын баяндады. Әрқайсысының тұлғараралық қарым-қатынас пен материалдық пайда көруді көксеу сияқты өз уәжі болған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Кездесу соңында ауылдықтар көрсетілген материалдық көмек пен қолдау үшін алғыстарын білдірді.