Қос ақша құдайы құрлықты қайта бөліспек
Құрлығымыз – осы біз өмір сүріп отырған жер планетасы, ал қос ақша құдайы – Ротшилтдтер мен Рокфеллерлер әулеті. Әлемді негізінен екі жүз жылдан бері осы екі әулет уысында ұстап отыр десек те болады. Алдыңғысы – Еуропадан, соңғысы – АҚШ-тан шыққан. Қос дүниежүзілік соғысты шығарған да, Сталинді керек кезінде састырып, Гитлерді қаржыландырған да – осы әулеттер. Бұл қос әулет өздерінің капиалын үстемелеу үшін бір-бірінен тіс-тырнағын аяған емес. Еуропа күйреп, АҚШ құлап қалған күнде де, өздерінің капиталын Қытайға апарып орналастырса да, аман алып қалу үшін барын да, жанын да салады. Қазір араларында жасырын түрде құрлықты қайта бөлісу жүріп жатқан қос ақша құдайының ішінен біз бүгін 2017 жылы алғаш рет Қазақстанға табан тіреген Ротшильдер әулеті жайында сөз қозғамақпыз.
Бүкіл әлемге «ақша құдайы» ретінде белгілі Майер Амшель Ротшильд бұдан 200 жыл бұрын көз жұмса да, ол негізін қалап кеткен Ротшильдтер династиясы бүкіл әлемді байлығымен уысында ұстап, қалауынша билеп-төстеп отыр. Бұл әулеттің бауырына басқан орасан зор байлықтың нақты құны әлі күнге дейін құпия.
Ұлы әулеттің негізін қалаушы Ротшильд Германияның Франкфурт қаласында қарапайым жөйіттің отбасында дүниеге келген. 1812 жылы 68 жасында аурудан көз жұмған. Әлемге ықпалын жүргізген банкирдің әруағынан қорықты ма екен, ХХ ғасырда еврейлердің моласына дейін тып-типыл етіп тонаған фащистер Ротшильдтің қабіріне қол тигізбепті.
Ротшильдтер әулеті екі ғасырдан бері қара халықтан шыққандармен қандарын араластырмапты. Бабадан қалған қатаң өсиет солай бұйырған. Ротшильд династиясынан шыққан еркектер жағы тек қана немере, шөбере қарындастарымен ғана бас құрай алады, ал әйелдері, иуда дінін қатаң сақтай отырып, аристократ отбасынан шыққан еркектерді ғана өзіне жар етеді. Осылайша бұл әулет екі ғасыр бойына қан тазалығын сақтау арқылы байлықтарын үстемелеп қана қоймай, тарихқа саяси және экономикалық ықпалын жан-жақты жүргізіп келеді.
Әулеттің негізін қалаушы Майер Амшельдің өзі ұсақ саудагер отбасынан шыққан. Ал атадан қалған малы жоқ ол қалай байыған десек, сары ауыз бала кезінде әкесі өліп, мектептегі оқуын тастаған болашақ миллиардер алғашқы капиталын күн сайын күл-қоқыстарды аударып-төңкеріп жүріп тапқан темір ақшалар мен медалдар секілді антиквар заттарды сатудан түскен пайдадан жия бастапты. Таптырмайтын көне заттарды коллекционерлер мен ықпалы зор жоғары шенді азаматтарға сатумен қатар сыйлай да отырып, қызығушылығын тудыру арқылы олармен ұзақ мерзімге қарым-қатынасын арттырған. Сөйте-сөйте жүзіктің көзінен өткен жөйіт бала антиквар заттар сататын жеке лавка ашады. Келе-келе бизнесін кеңейтіп, банк ісіне араласып, аранын аша түседі. Қымбат тұратын шет елдік банкноттарды байларға сату арқылы пайдасын асыра бастайды.
Айтпақшы, Ротшильд деген фамилия оған атадан берілмеген, жай ғана үйінің есігінің сыртында осындай атпен әлдебір эмблема ілініп тұрыпты, жұрт соған қарап атап кеткен. Кейін осы «брэнд» өзіне қатты ұнаса керек, ататегіне жапсырып алған.
Бірде ол Германияның ең бай адамы саналатын принц Фридрих Вильгельм Гессенге өте сирек кездесетін бағалы заттың бірін сыйға тарту етеді. Көне затқа көңілі құлап түскен фринц: «Жомарт жігіт менен қандай награда қалайды?» деп сұрағанда, «Сізге бұдан былай да еш наградасыз қызмет етуге дайынмын» деп жауап береді. Содан бастап Гессенге даңғыл жол ашылады. Принц көп ұзамай оны өзінің жеке банкирі етіп тағайындап, ақшасын сеніп тапсырады. Ұйықтап жатқан жыланның тісіндегі етті білдірмей алып жейтін жытқыр жөйіт, ары қарай ақшасы мол шенеуніктерді серіктестікке тартып, доллардың буын қыздырған үстіне қыздыра түседі.
Жағдайын әбден жасап алған болашақ ұлы банкир отбасын құрап, ұрпақтары есейген соң бес ұлын Лондон, Париж, Вена секілді Еуропаның саяси және қаржылық орталықтарына жайлы да майлы жерге орналастырады. «Келісім, Бірлік, Еңбек» дегенді өмір бақи ұран еткен әке тәрбиесінің арқасында әулет мұрагерлері қаржы әлеміндегі маңызды тұлғаларға тез-ақ айналып, дворяндар қатарына еркін еніп, Австрия императорынан барон титулын алады.
Бүгінде Ротшильдтер әулетінің әлемде тұмсығы мен тырнағын тықпаған саласы аз. Түрлі елдердегі банк, мұнай мен газ, түсті металлургия, тау-кен ісінен бастап, БАҚ пен киноөндірісіне дейін тегіс жаулап алған. Лондондағы 200 жылдығын тойлағалы жатқан әлемнің ең қуатты банктерінің бірі осы әулетке тиесілі. Екі жүз жыл бойына ақшаның соңына індетіп түскен бұл атақты әулеттің капиталын зерттеушілер бас айналдырарлық қаржыны атайды. 2002 жылы аталған кланның байлығы ресми түрде 20 миллиард доллар делінсе, кейбір ақпарат көздері Еуропаның байырғы династиясының байлығын 500 триллион АҚШ долларына дейін апарып тастайды. Бұл соңғы сан ақиқат болса, онда бүкіл әлемнің байлығының тең жартысынан астамын бір ғана әулет бауырының астына басып жатыр деген сөз. Әрине, бұл жай ғана болжам. Өйткені Ротшильдтер әулетінің жинаған байлығының нақты көлемі мәңгі ашылмайтын қара құлыптың астында, оның кілтін бұдан екі жүз жыл бұрын әулеттің негізін қалаушы Майер Амшель өзімен бірге терең көрге алып кеткен.
Бүгінде милионер болу бұрынғыдан оңай секілді. Майкрософт компаниясын құрған Билл Гейтс 50 миллиард долларымен демде әлемдегі нөмірі бірінші бай адам атанып шыға келді. Ротшильдтердің Билл Гейтстен айырмашылығы, олар асықпай баийды, екі ғасыр бойына табысқа жетудің формуласын еш өзгертпеген. Дегенмен ХIХ ғасырда миллионер атану қиынның қиыны болған десе де, ол кезде де байлар бас айналдырарлық секірістер жасап отырыпты. Әлі күнге дейін Ротшильд, Рокфеллер мен Вандербильд өміріндегі көп нәрсе фантастика мен құпияға толы. Неміс ақыны Генрих Гейненің: «Ақша – біздің заманның Құдайы, ал Ротшильд – пайғамбары» деуінде көп сыр жатыр.
ХIХ ғасырдан қалған мынадай қанатты сөз бар: «Әлемде ұлы империялардың саны бар-жоғы алтау: Ұлыбритания, Ресей, Франция, Австро-Венгрия, Пруссия және Ротшильдтер». Бүгінде осылардан тек соңғысы ғана қалған.
Майер Амшель Ротшильд өлерінде бес ұлына өсиет қалдырған. Өсиетінде ол артына қалдырған бай мұраны бөліп-жармай, қандай жағдайда да үнемі бірге алып жүруді, тапқан табысты теңдей бөлісіп отыруды, отбасылық кодты өздерінен басқа ешкім білмеуін қатаң табыстапты. Балалары әке өсиетін тастай етіп іске асырған. Соның арқасында кланның байлығы ХIХ ғасырдың 70-ші жылдарында 1 млрд. долларға бағаланған. Бұл сол замандағы фантастикалық сан болатын. Ірі жобалардың бірде-бірі Ротшильдтерсіз жүзеге аспаған. Оңтүстік Африкадағы алмаз өндіру, Еуропадағы темір жолдарды қаржыландыру, Суэс каналы құрылысын жүргізу үшін жер сатып алу, Ресейден мұнай сатып алу секілді жобалардың бәрі Ротшильдтердің ақшасымен жүзеге асқан. Пруссия королдері, австриялық императорлар, орыс патшалары Ротшильдтердің мызғымас империясымен тығыз байланысып тұрған.
Көптеген зерттеушілер ұлы әулеттің байлығының ешқашан сарқылмауын олардың қарапайым өмір сүру қағидасын ұстанғанымен, әулет заңына барынша адалдығымен де байланыстырады. Әр келген буын қасиетті фамилияны кіршіксіз алып жүріп, әулет байлығын тек қана үстемелеп отырыпты. Лионель Ротшильд ХIХ ғасырдың аяғында орыс үкіметінің Лондондағы қаржы өкілдігін құраса, оның баласы әлемдегі ең ірі биржаны басқарған. ХХ ғасырда екі рет дүниежүзілік соғыс жүріп өтсе де, көптеген байлық көздері кәмпескеленіп, атадан қалған мұраға үлкен салық салынса да, Ротшильдтер империясының қылы да қисаймапты және әлі күнге дейін бүгінгі қаржы әлеміндегі ең ықпалды топтардың қатарында. Израиль мемлекетінің картада пайда болуының өзі көп жағдайда аталған әулеттің арқасы, тартып алынған Палестина жеріндегі қалалардың біразы Ротшильдтердің қаржысына салынған.
Төреғали ТӘШЕНОВ