Қорықшы қазасы. Кінәлілер жазалана ма?
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?
Ерлан Нұрғалиев зейнетке шыққан соң 2012 жылдан бастап «Охотзоопром» республикалық мекемесінде жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектор болып жұмыс істей бастаған. Оған дейін ширек ғасыр ішкі істер министрлігінде қызмет атқарды, Нұра ауданында бөлімше қызметкері болды. Бірнеше жыл бұрын әйелі қайтыс болған.
Ресми ақпарат бойынша, қаңтардың 13-і күні Қарағанды облысындағы Теңіз көліне жақын жерді аралап жүрген «Охотзоопром» инспекторлары көліктің ізін байқап, соңына түседі. Оқиғаның екінші куәгері Петр Ницыктың айтуынша, олардың браконьер екенін инспекторлар бірден түсінген.
Қуғын кезінде инспекторлар атылған оқтың даусын естиді, өлген жануарлардың денесін көреді. Кейін журналистерге берген сұхбатында Ницык дәл сол адамдарды «бір жылдан бері іздеп жүргендерін» айтты.
Бір уақытта инспекторлар «ізден адасып қалмау үшін» екіге бөлінеді. Инспекторлар іздеген ақ және сұр түсті Toyota Land Cruiser джипін ақырында Ницык пен Нұрғалиев тауып, көліктерімен жақындаған. Олар ескерту ретінде аспанға оқ атады, сосын көліктің шинасын атады.
Жауап ретінде жол талғамайтын көліктен оларға қару кезеніп, қоқан-лоқы жасайды. Ницыктың айтуынша, олар джиптің алдына кесе-көлденең тоқтап, жолын кескен. Тек сонда барып тоқтаған.
– Оның ішінен жігіттер шықты: оң жағынан «бесатар» қарумен, сол жағынан «қосауызбен» шықты, жүргізуші де болды, бірақ ол есіктің ар жағына тығылып қалды, — дейді ол.
Жәбірленуші инспектордың айтуынша, алдымен сөзбен тәжікелескен соң, браконьерлер қол жұмсай бастаған. Шабуылдаушылар Ницыкты бірнеше рет шүйдесінен, кейін мылтықтың дүбімен бетінен ұрған.
– Көзім алды тұманданып кетті. Ерланға қарадым, бетімен қарға құлапты. Оған жақындадым, екеумізден де қан кетіп жатты. Басымды орадым, Ерланның басын бұрып, оны көлікке алып келдім. Сосын рациямен топ жетекшісіне хабарластым, оның көлігі қатты келе жатып, қарға батып жүре алмай қалған. Сосын бізге басқа жігіттер келіп қосылды, — дейді инспектор.
Ницык пен Нұрғалиевті ұрғандар GPS құралы мен от алдыру кілтін алып кетіп, өздерін аязға қалдырған. Қалың қарда жүре алмай қалған инспекторлардың екінші тобы кейінірек қараңғыда жәбірленушілерді әзер тапқан.
НЕЛІКТЕН ТІКҰШАҚ ЖІБЕРМЕДІ?
Ерлан Нұрғалиевті Астананың қалалық ауруханасына ауыр бас сүйек-ми жарақатымен есін жимаған күйінде жеткізген. Астанаға оны інісі Нұрлан апарған. Туыстарының айтуынша, Нұрғалиев ауруханаға қаңтардың 14-і күні таңертең бір-ақ жеткізілген.
«Жәбірленушілерге неліктен санитарлық авиация тікұшағы бармады?» деген сауалға қаңтардың 17-сі күні қызмет өкілдері мен ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «тікұшақ ауа-райы жағдайына байланысты ұшпады» деп жауап берді.
— Екінші көлік оларды бірден таба алмаған. Сосын оны ауруханаға жеткізген. Әрине, уақыт жоғалтып алды. Ал әрі қарайғы жағдай дәрігерлердің біліктілігіне байланысты. Біз төтенше жағдайдың тікұшағын пайдалана алмадық, ауа райы қолайсыз болды. Оны ұшыруға рұқсат етпеді, — деді Қасымов Астанада журналистерге.
Қаңтардың 15-і күні таңертең билік Нұрғалиевтің көз жұмғанын ресми түрде хабарлады. «Ол қайсар адам болатын, жұмысын қатты жақсы көрді» дейді жақын таныстары. Әлеуметтік желілерге тарап кеткен, Нұрғалиевтің бөкеннің төлін көтеріп тұрған фотосын жақындары оның тұлғалық қасиетін дәл ашқан сурет дейді.
– Кез келген ауа райында шыға беретін, табиғатты қатты жақсы көріп, қорғады, республикамыздың фаунасын дамытуға күш салды. Өз ісінің шебері, адамдармен сауатты сөйлесетін, браконьерлерді ұстаған кезде нұсқаулық бойынша әрекет ететін, — деді «Охотзоопром» аймақтық орталық филиалының жетекшісі міндетін атқарушы Ерлан Әбдірахманов.
БРАКОНЬЕРЛЕР ЖАЗАЛАНБАЙ МА?
Осы оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын, қаңтардың 4-і күні Нұра ауданында 30 өлі ақбөкеннің табылғаны туралы ақпарат пайда болған. Оның 12-сі күдіктілердің бірі – Қарағанды облысының аудандық полиция бөлімінің бірінде капитан болып істейтін адамның үйінен табылған.
Сарапшылардың пікірінше, Қызыл кітапқа енген ақбөкендердің мүйізін алу мақсатында браконьерлік жасау ұйымдасқан қылмысқа жатады. «Қара базарда» мұндай өнімнің бір килограмын бірнеше мың еуроға бағалайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, былтыр 191 инспектор мен 31 мобильді топ бөкендерді қорғаумен айналысқан. Олар 93 миллион гектар аумақты қорғауға тиіс болған. Журналистерге сұхбат берген инспектор Петр Ницык жалақы мөлшері туралы сауал қойылғанда «орташа» деп жауап берді. «150 мыңнан аз ба?» деген сауалға «Әрине!» деп жауап берді.
Инспекторлар мен қорықшылар жануарлар дүниесін қорғау және браконьерлікке жол бермеу міндетін атқарып жүргендеріне қарамастан, қылмыскерлермен кездескенде ештеңе істей алмайтындарын айтады.
— Олар адам өмірін бағаламайды. Жазалау жоқ, сондықтан тайраңдайды. Мемлекет бұған мән беруі керек, инспекторлардың өкілетін күшейтіп, олардың қауіпсіздігін ойлау керек. Олар не үшін өмірлерін қатерге тігеді? Қорықшыларға да өкілет керек. Оларды инспекторлармен теңестіру қажет. Қорықшының мүлде құқығы жоқ: тоқтатып, тексеріп, аудандық бөлімге жеткізуге құқылы емес, — дейді Теміртаудағы қалалық аңшылар мен балықшылар қоғамының басқарма төрағасы Алексей Мигушин.
Мигушиннің айтуынша, браконьерлердің инспекторлар мен қорықшыларға қол жұмсаған кездері жиі кездеседі. Аңшылар мен балықшылар Теміртау қаласына жақын маңда болған «қорықшыдан өш алу оқиғасын» еске алады: оны қояндар ғана жүретін, бағалы аңдар кездеспейтін далада басынан атып, өлтіріп кеткен. Мигушиннің пікірінше, браконьерлік бойынша істер көп жағдайда полицияға да жетпейді.
— Жақында Алматы облысында қарақұйрықты өлтіргені үшін бір браконьерді жазалады. Ол адам бұған дейін қабандарды атып, қашып кеткен болатын, қолға түспес үшін жолға тікенектер лақтырып кеткен. Полицияға бұл туралы жаздық, деректерді ұсындық, бірақ оны жазаламады. Алматыға барып, бес қарақұйрықты атқан соң бес жылға сотталды, — дейді Алексей Мигушин.
Инспекторларға жиі шабуыл жасалатыны, алайда браконьерлік бойынша істің «сотқа жетпей қалатыны» немесе «түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты сиырқұйымшақтанып кететінін» ауыл шаруашылығы вице-министрі Евниев Арман Евниев те мәлімдеді.
Ол былтыр да инспектордың опат болғанын еске алып, «айыптылар жазасын тартқан жоқ» деді. Вице-министрдің пікірінше, «бұған мүдделі адамдар бар»:
— Бірлесіп, келіскен шара қабылдау керек. Қайда, кімдерге өткізеді.. Бұларды кім басқарады, тағы кімдер араласып отыр? Біреулер қолдау көрсетпесе, мұндай іс болмауы да мүмкін, — деді ол.
ҚОРЫҚШЫЛАРҒА КІМ ШАБУЫЛ ЖАСАДЫ?
Нұрғалиевтің қазасынан соң Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин «қаржылық-әлеуметтік жағдайына қарамастан шабуылдаушылар жазасын тартады» деп мәлімдеді. Қазір «адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Қарай отырыңыз: Полиция күдіктілерді іздеп жатыр (17 қаңтар 2019 жыл)
Нұрғалиевтің серіктесі Петр Ницыктың айтуынша, оқиға орнынан ол шабуылдаушылардың бірінің жеке заттарын – мобильді телефонын, бас киімі мен қосатардың сынған сабын және Ницык браконьердің қаруының ұңғысына жармасқанда шашыраған оқтарды тапқан. Инспектор ақ джипте отырғандарды көрмепті, олар көліктен шықпаған. Бірақ өзін және Нұрғалиевті ұрған, сұр түсті жол талғамайтын көлікте отырған үшеуді жақсы есте сақтап қалған.
Қаңтардың 17-сі күні ішкі істер министрі Қасымов журналистерге күдіктілердің кім екені анықталғанын, олардың «Қызылорда облысының тумасы» екендерін, іздеу жарияланғанын мәлімдеді.
Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Евниев журналистерге Баршын ауылында «күдіктілердің ұсталғанын», енді Петр Ницыктың оларды «тануы» керектігін айтты.
Қаңтардың 17-сі күні Қызылорда облысы Абай ауылында полиция өкілдері көп жүрді. Ақпарат бойынша, күдіктілердің бірі – осы ауылдың тұрғыны. Туыстары оны бір аптадан бері көрмегендерін айтады.
Нұрғалиевті қаңтардың 17-сі күні Нұра ауданындағы Баршын ауылына жерледі. Жерлеуге келген вице-министр Евниев мекеменің Нұрғалиевті «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы өтініш жібергенін айтты.
Евниевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлері Нұрғалиевтің отбасына бір күндік жалақыларын аудармақ.
Қаза болған инспектордың інісі Нұрлан оның белсенді, бейбіт адам болғанын, самбо тәсілдерін меңгергенін, спорт шебері болғанын айтады.
– Оны неліктен арқасынан ұрды? Себебі, шамалары келмеді, — дейді ол.
«Шабуыл жасағандардың арасында «кездейсоқ емес» адамдар болуы мүмкін бе?» деген сауалға инспектордың інісі өзі үшін ол жағы маңызды емес екенін айтты. Өлгеннен кейін медаль беру туралы «Мен үшін ол онсыз да батыр. Медалі мен марапаты болмаса да. Ештеңе керек емес» деді.
Қаза тапқан инспектордың артында 83 жастағы анасы мен 84 жастағы әкесі қалды. Нұрлан Нұрғалиевтің айтуынша, шабуылдаушылар «бір емес, үш адамды өлтірген». Ол ағасының туған күнін атап өту үшін арнайы демалыс алып, ауылға келген екен. Оның туыстары қаңтардың 30-ы жиналып, Ерлан Нұрғалиевтің 55 жасқа толуын атап өтпек болған.
Дереккөз: Азаттық