Қордайдағы жанжалдан кейін Жамбыл облысының прокуроры ауысты
Қордайдағы этникалық жанжалдан кейін Жамбыл облысының прокуроры ауысты. 12 ақпанда кешке Жамбыл облысының прокуроры болып Нұрғалым Әбдіровтің тағайындалғаны белгілі болды. Бұған дейін бұл міндетті Жарқын Құсайынов атқарған.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Әбдіровтің облыс прокуроры болып тағайындалғаны туралы ақпарат бас прокуратура сайтында 12 ақпанда күндіз пайда болған. Алайда ведомство кейінірек «сайтта ақау болды» деп ақпаратты өшіріп тастаған. Кешке қарай сайтта хабарлама қайта пайда болды.
Прокуратура органдарында 28 жылдан астам тәжірибесі бар Әбдіров бұған дейін бас прокуратурадағы үш департаментке жетекшілік еткен. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары болған. Ақтөбе, Түркістан облысы прокуратурасын басқарған.
7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тапты. 40-тан астам адам жараланған. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 15 ғимарат пен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенді. Жанжалдан соң мыңдаған адам Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.
Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бірақ қанша адам ұсталғанын ашып айтпай отыр. Тек жанжал кезінде 19 полицейдің зардап шеккенін хабарлады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алғашында бұл дауды «бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес» деп сипаттап, кейін «ұлтаралық жанжал тудырғандар» деп «арандатушыларды» айыптады.