Қордайдағы оқиға: арандатушылар ұсталды
Қысқа сілтеме алу
Бүгінде олардың барлығы полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауап алынып жатыр. Соған қарай айыптың деңгейі анықталады
НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Қордайдағы оқиғаның арандатушыларын тапты. Олардың ішінде басқа аймақтардың тұрғындары да бар екен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің айтуынша, Қордайда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан, куәгер болған және «хайп» ұстаймын деп шыққан адамдар бар. Бүгінде олардың барлығы полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауап алынып жатыр. Соған қарай айыптың деңгейі анықталады.
«Сол себепті мен дәл қазір ұсталған адамдардың нақты санын айта алмаймын. Қазір ол жақта шұғыл тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Бүгін олар статистиканы береді деп ойлаймын. Бірақ нақты дәлелдер болса, ол адамдардың бәрі қамауға алынады», — деді Калайчиди журналистерге берген сұқбатында.
Оның сөзіне қарағанда, Қордайдағы жаппай төбелеске дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы екі күн бұрын болған жанжалдың видеосы тараған. Сол кезде адамдар теріс пікірлерді көп жазды. Олардың арасында арандатушылар да болды.
«Біз видеоны таратқан арандатушыларды анықтадық. Сорақысы сол, ол бәрін теріс пікірлермен беріп отырды. Бұның бәрі жастардың жаппай төбелеске шығуына түрткі болды. Басқа аймақтардан да арандатушыларды таптық. Олардың ішінде менімен жасты адамдар да бар екен. Оқиға орнында болмаса да, әлеуметтік желіде көзге көрінгісі келген. Осындай посттар Қордайдағы жағдайға себеп болды. Біз арандатушылық ақпарататты таратып жатқандардың бәрін анықтап жатырмыз», — деп атап көрсетті Калайчиди.
Қазіргі кезде ішкі істер министрлігі Қордайда түсірілген барлық видео материалды зерделеп жатыр. Соның негізінде әрбір адамның кінәсі анықталады.
sputniknews.kz