Қонаев қаласында 18 жастағы студенттің атына несие рәсімдеп, кейін қатігездікпен өлтіріп кеткен
НеМолчи қорының басшысы Динара Смайылова Қонаев қаласында 18 жастағы студентті бірнеше ер адам қатігездікпен өлтіргенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап жазады.
Динара Смайылованың сөзінше, марқұм колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алған. Ал қылмысқа қатысты күдіктілер 18-21 жас аралығында екен.
«Қыз олардың бірімен 7 наурызда танысқан. Бірақ, шамамен, 14 наурыздан 15-не қарағанда оны студентті қатігездікпен өлтіріп кеткен. Олар оның телефонын алып, несие рәсімдеген. Қаланың сыртына алып шығып, сойылмен ұрып-соғып, далаға тастап кеткен. Қыздың туыстарына мәйіттің 21 наурызда табылғанын айтыпты. Әпкесі болса оны мәйітханалардан өзі іздеген, себебі студенттің денесі қай жерде екенін ешкім айтпапты. Мәйітін тапқан кезде денесінде көгерген іздер барып, ал қолында жіптің ізі қалғанын көрген», – деп жазды қор басшысы.
Динара Смайылованың айтуынша, Қонаев полициясы күдіктілерді ұстаған. Бірақ марқұмның жақындары екі адамның ұсталғанын, алайда екі адамның бостандықта екенін жеткізіпті. Сондықтан қылмыскерлер жазасыз қала ма деп қорқады.
Полиция департаментінің мәліметінше, 18 жастағы студенттің өлімі расталған.
“Бұл ақпарат бірден тексеріліп, 2006 жылы туған қыздың өлімі расталды. Кісі өліміне қатысты Қонаев қалалық полиция басқармасы іс қозғады. Полиция қызметкерлері 2001 және 2003 жылы туған азаматтарды анықтап, қамауға алды”, – делінген хабарламада.
Полиция дерегіне сәйкес студенттің өліміне тек екі адамның қатысы бар. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.