«Қойдың қиымен шомылдырған». Желідегі баланың суреті халықты шошытты
Әлеуметтік желі қолданушылары баланы «емдеу» үшін жануарлар қиын қолданған «емшінің» әрекеттеріне шағымданды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Facebook-те жарияланған сурет сипаттамасында «Әйел баланы қойдың қиымен шомылдырған» деп жазылған. Автордың айтуынша, бұл әдісті желіде 180 мың оқырманы бар әйел қолданған.
Сондай-ақ, жазба авторы емшілер әлеуметтік желілердегі парақшасында балаларды көкжөтелден көгершіннің жылы қанымен емдеуді ұсынады деп шағымданды.
Балалар құқығын қорғау комитеті ІІМ-ге суретке байланысты тексеріс жүргізу үшін жүгінгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, емшілердің әдісі балалардың физикалық және психикалық денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.
«Өкінішке қарай, ата-ананың сенгіштігі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Балаларының денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына қамқорлық жасау ата-ананың міндеті. Ата-ана (заңды өкілдер) өз баласының өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша жауапты болатынын білуі тиіс.
Сондай-ақ, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін», — деді комитет өкілдері.