Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтанның тергеу изоляторында қайтыс болды
Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында қайтыс болды. Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департментінің баспасөз қызметіне сілтеп, Қазақстанның бірнеше ақпарат құралы хабарлады.
«1977 жылы туған Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болды. Сотқа құрмет көрсетпегені, судья мен сот отырысына қатысушылардың ар-намысына тигені үшін Дулат Ағаділдің үстінен қылмыстық іс қозғалған», — дейді полиция хабарламасында.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша «биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған».
«Тергеу изоляторының камерасында онан өзге төрт адам болды, олар Дулат Ағаділге күш қолданылмағаны жайлы куәлік берді. Медициналық куәлік оның қамауға алынған сәтте алкогольді ішімдік ішкенін, мас екенін көрсетті. Жедел жәрдем бригадасы келді. Қайтыс болуына «жүрек талмасы себеп болған». Денесінде қандай да бір жарақаттар жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, — дейді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.
Ол 2019 жылдың 16 желтоқсанында рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған еді. Қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып шығып, ол әрекетін «заңсыз қудалауға қарсылығым» деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол «сот қаулысын орындамағаны үшін» тағы 6 тәулікке сотталған болатын.