Қиындыққа мойымаған Құралай өзіне берілген құрметті атақты барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілген қамқорлық деп түсінеді

0

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты бұған дейін қалыптаса бас­таған кемшін көзқарастың пайым­ды жолға бет бұруына әсер еткен жайт − олардың өмірге деген құштарлығы. Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі. Ең бастысы, елінің бір кәдесіне жарасам деген өршіл мақсат-мұраттары деуге болады. Екіншіден, мемлекет тарапынан олардың осындай өр­шіл қадамдарын қолдауға қатыс­ты қабылданған бағдарламалар мүмкін­ді­гі шектеулілердің мүмкін­ді­гін кең­ей­­туге, масыл жандар емес, асыл жан­­дар атануына даңғыл жол ашқаны шын­­дық.

Ойды ой қозғайды. Егемен еліміз­дің арғы-бергі кезеңіндегі аса маңыз­ды тарихи оқиға – тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдың 16 желтоқ­са­ны болғаны белгілі. Содан бері Мемлекет басшысы тарапынан еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүл­ден­­­уіне мол үлес қосқан адамдарға мемле­кеттік наградалар тапсыру рәсімі орнықты. Бұл рәсім Тәуелсіздік күні­мен тұспа-тұс келіп жүр. Мұндай мара­паттар ең үз­діктерге, кә­сіби тұрғы­дан биік белес­ті бағын­дырған және қо­ғам тарапынан мойын­дал­ған тұл­ға­ларға тап­сы­рылатыны да отан­­­­­дас­­тарымызға жақсы мәлім. Ай­тайын дегеніміз, тәуелсіздіктің 27 жыл­­­дық мерекесі тұсында елі үшін ай­­рықша қызмет ете білген, отан­шылдықтың жарқын өнегесін көрсете біл­ген тұлғалар еліміздің ең жоғары награ­дасы − «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Олардың бірі − Ақтөбе қала­сындағы сал ауруына шалдық­қан азаматтарды қолдау орталығы қо­ғамдық бірлестігінің төрайымы Құра­лай Бәйменова. 34 жасында авто­көлік апаты салдарынан сал ауру­ына ұшыраған Құралай Базарбай­­қызының бұдан кейінгі ғұ­мы­ры – қиын­дыққа төтеп бере білу мен оны жеңу­дің таптырмас үлгісіне айналды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсыру сәтінде оның өмір қиындықтарына мойымай, тағдыр тауқыметін тартқан адамдарға өлшеусіз көмек көрсетіп жүргенін атап өткені мәлім.

Бүгінде Құралай Бәйменованың мүм­кіндігі шектеулі жандарға қол­дау көрсету жөніндегі жобалары рес­публикалық ауқымда қолдау тауып келеді. Ал ерік-жігері мол, рухы ас­қақ қазақ қызының өзі секілді жүз­деген, мыңдаған мүмкіндігі шектеу­лі жанның жүрегіне от жақ­қа­ны, жұлдызын жарқыратқаны, шапа­ға­ты мен мейірім-шуағын төккені Мемлекет басшысы тарапынан баға­лан­ғаны қандай ғанибет.

Бұл оқиға еліміздегі мыңдаған мүгедек және мүмкіндігі шектеулі жандардың ертеңіне деген сенімі мен үкілеген үмітін одан әрі орнықтыра түсті деуге толық негіз бар. Иә, бүгінде олардың кәдімгі он екі мүше­сі сау адамдардай алаңсыз еңбек етуі, отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешуі, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қон­дырып, немере сүюі қалыпты құбы­лыс­қа айналып келеді.

Ата Заңымызда атап көр­се­тіл­ген­дей, ізгілікті қоғам құруға апаратын жолдың басы бірлік болып қала бермек. Ата-бабаларымыз «бірлік бар жерде тірлік бар», «барлық берекенің бастауы – бірлік» деген аталы да баталы сөздерді тектен-тек айтпаса керек. Осы халықтық қағиданы алға ұстай отырып, Құралай «Біз – біргеміз!» атты аса ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға бастамашы бола білді. «Егер менің іс-жоспарыма жергілікті атқарушы билік өкілдері мен ел-жұрт, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қолдау көрсетпесе, бұл жоба басы бар да аяғы жоқ жартыкеш күйінде қалып қояр еді. Бір сүйсінерлігі, бұлай болмады. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білуіміздің арқасында атап айтуға тұрарлықтай табыстарға қол жеткізе білдік» деп толғанады Қ.Бәйменова.

Сондай-ақ ол Елбасы Жарлы­ғы­мен өңір басшысы болып тағайын­далғандар бірі бастаған әлеуметтік жо­­­баны кейінгісі жалғас­ты­рып, са­­бақ­тас­тырып алып кет­ке­ніне ұдайы риза­­шылық сезімін біл­ді­ріп жүреді. Ай­талық, Ақтөбе облы­­сы­ның бұрынғы әкімі Елеусін Сағын­­дықов Қ.Бәйменованың ұсы­ныс-жоба­­сына сәйкес республи­ка­да тұң­ғыш рет мүгедектерге ар­нал­ған тұр­ғын үй салуды іске асырса, өңір­дің бүгінгі басшысы Бердібек Са­пар­ба­ев «Біз – біргеміз!» атты ортақ жобаның аясында мүмкіндігі шек­теу­лі балаларға арналған оңалту орталықтарын ашуға, елімізде баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру-инклюзивті лагері мен «Нектар» коррекциялық балабақшасын құруға септігін тигізді. Облыс аумағында әлеуметтік қолдау мен көмекке зәру 27 мыңдай мүгедек мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Соның елеулі бөлігі Қ.Бәйменова жетек­шілік ететін қоғамдық бірлес­тік­­тің есебінде тұрады. Аталған ор­­­талық техникалық-гигиеналық құрал­дар мен протезді-ортопедиалық бұ­йым­дармен және тиісті емдеу кабинеттерімен қамтылған. Өмірде Қ.Бәйменова секілді қайырымдылық қағидаттарын жанының жалауы, көңі­лі­нің қалауы ете білген өзі секілді мүгедек жан­дар­ға жанашырлықпен қолдау көр­се­тіп жүрген қоғамдық-әлеу­мет­тік құрылымдардың жетек­шілері жеткілікті. Олардың қатарында өңірде еңбекте үздік жетістіктері арқылы ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене білген Гүлмейрам Сыражаева мен Зинаида Төлеуішева және Виктория Кваша мен Шахан Жолдасбаевтың есімдерін атай кеткеннің артық­шы­лы­ғы жоқ.

Құралай Бәйменованың «Біз − біргеміз!» деген батыл да байыпты бастамасы мен қоғамға пайда кел­ті­ре білу жөніндегі мақсатты ой-тұжырымын олардың бәрі де бір кісі­дей қолдайтынын сезінудің өзі бір мерей. Алға биік мақсаттар қоя біліп, оны жүзеге асыру жолында үздік­сіз талпыну мен еңбектену – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Құралай Базарбайқызы осындай ой, жігер және мақсат тұтастығын бойына жинақтай білген биік парасат иесі.

Сөз соңында кейіпкеріміздің тағы бір мәрттігі мен жанының жомарттығы жөніндегі деректі оқырмандар назарына ұсына кеткенді жөн көреміз. Яғни ол жергілікті билік тарапынан өзіне сыйға берілген көтергіштері бар арнайы шетелдік су жаңа авто­кө­лікті «Ғажап» атты мүгедек бала­лардың қоғамына тарту етті. Ерлікті еңселендіре білуге өз үлесін қосып жүрген Құралайдың еңбегі – айрықша да ажарлы, өршіл де өнегелі еңбек. Ол Мемлекет басшысының қолдауын, өзіне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуін еліміздегі барша мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілген құрмет пен қамқорлық, аялы алақанның жылуы деп түсінеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Дереккөз: http://egemen.kz/