«Қиын жағдайға тап болған мигрант» ұғымын енгізу керек

0
162

Көп жағдайда мигранттар «басыбайлы» екенін, ал жұмыс беруші оның еңбегін қанап отырғанын түсінбейді.

Гүлнұр Идигеева Азаттықтың Қазақстандағы құқық қорғаушылардың жаңа буыны туралы «Мен болмасам, басқа кім?» арнайы жобасының кейіпкері.

Азаттық: – Қазақстанда соңғы жылдары экономикалық жағдай өзгерді. Бұл мигранттар ағынына ықпал етті ме?

Гүлнұр Идигеева: – Бұрын Қазақстан транзит елі болатын, соңғы жылдары қабылдаушы елге айналды. Мигранттар мүмкіндігінше Ресейге баруға тырысады. Бірақ көбі бізде қалып қояды, себебі ресейлік шекарада «қара тізімге» енгізу мәселесі бар. Көбінің елге кіруіне тыйым салынған. Оның үстіне, мигранттар ағыны ең алдымен өз елдеріндегі экономикалық жағдайға байланысты. Кейде тіпті Ресей аумағына баруға рұқсаты жоқтармен сөйлескен кезде «Болды, енді Оңтүстік Кореяға барамын немесе Қазақстанда қаламын» дейді. Отанына оралу туралы ойламайды.

Азаттық: – Ресеймен шекарадағы жағдай туралы толық айтып берсеңіз.

Гүлнұр Идигеева: – Ресейге баруға тыйым салынғаны туралы өзге ел азаматтары шекараға барғанда бір-ақ біледі. Бұл Ресейдің елдегі мигранттар жасаған заңсыздыққа қатысты жауабы. 2017 жылдан бастап жағдай күрделене түсті. Федералды көші-қон қызмет басқармасының бірегей базасы Ресейде бұрыннан бар. Бұрын оны мемлекеттегі федералды көші-қон қызметі ғана толықтырса, қазір салық қызметі сияқты ондаған мекеме толтырады. Кез келген құқық бұзушылық үшін өзге ел азаматы тізімге енуі мүмкін. Мынандай жағдай болды: бір адам заң бойынша жұмыс істегісі келді. Бірақ оның рұқсат қағазының мерзімі өтіп кетті. Кетуі керек болды. Көбіне адамдар бейтарап аумаққа өтеді де, қайтадан оралып, Ресейде қалуды заңдастырады. Жаңағы адам Қазақстанда қалды, қолында күнкөріске қажетті ақшасы да болмады – оның елге кіруіне тыйым салынғандықтан қайтадан Ресейге кіргізбеді.

Ауыр қап тасыған еңбек мигранттары. Мәскеу, қыркүйек айы 2018 жыл

Ауыр қап тасыған еңбек мигранттары. Мәскеу, қыркүйек айы 2018 жыл

Азаттық: – Мұндай адамдардың жағдайы не болмақ?

Гүлнұр Идигеева: – Көбі Қазақстанда заңсыз қалады, тыйымды алып тастайды деп үміттенеді. Шекараны кесіп өтуге тырысады. Екі-үш жыл бұрын адам өлген жағдай да болды. Боран кезінде 22 жастағы жігіт тордан өтпек болады, бірақ торға ілініп, екі ортада кептеліп қалады. Оны тек таңертең табады. Бұдан бөлек, Қырғызстанның тағы бір 11 азаматы боранда қалып, үсіп қалған. Қазақстанда қалғандардың көбінің ақшасы жоқ. Ресейге нәпақа табу үшін барған олар қарыз алады, несие рәсімдейді. Мысалы, Өзбекстаннан шығады, шекараға дейін екі тәулік көлікпен келеді де, сол жерде тұрып қалады. Еліне оралғысы келмейді, заңсыз жұмыс іздей бастайды. Олар әдетте Қазақстанға кіргенде келу себебін «транзит немесе жеке басыма қатысты сапармен келдім» деп көрсетеді, осылайша жұмысқа заңды орналасу мүмкіндігінен айрылады.

Азаттық: – Орталық оларға қалай көмектеседі?

Гүлнұр Идигеева: – Бізге хабарласса, еліне өз еркімен оралуына көмектесеміз. Телефон арқылы қалай қайту керектігін айтамыз, алаяқтық болмайтынына сендіреміз. Жақында сондай әдіске көштік. Басында адамдардың неліктен бас тартатынын түсінбедік. Олар сенбейді. Қонақүйге орналастырып, азық-түлік, билет сатып әперген кезде олар бас тартады, еліне барған кезде өздерінен ақша талап етеді деп қорқады. Бір айдың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға 17 адамды қайтардық. Олардың бәрі қатты қорқып қалған, жылай береді, іштерінде әйелдер де болды. Бұрын көбіне ер адамдар кездесетін, қазір әйелдер де аз емес.

Азаттық: Сонда әйелдер де көбейген бе?

Гүлнұр Идигеева: – Иә, сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары еңбек миграциясына кететін әйелдер саны артқан, мысалы Қырғызстаннан келеді. Екі-үш жыл бұрын олар жалпы көрсеткіштің үштен бірін құраса, қазір жартысына жеткен. Жұмыс жоқ (әсіресе, ауылдарда), сондықтан әйелдер де нәпақа табу үшін басқа елге кетеді. Кейде қалдыратын ешкім болмаса балаларын да алып кетеді. Мынадай жағдай болды: бір отбасында күйеуі кетіп қалды, сол беті хабарсыз кетті, жақындары оның аман-есен екенін біледі, бірақ ол байланысқа шықпады, ақша салмады. Сондықтан әйелі сол күйеуін, қарт ата-анасын асырау үшін төрт баласын тастап, жұмыс іздеп шыққан.

Кірпіш қалап жатқан тәжік мигранттары

Кірпіш қалап жатқан тәжік мигранттары

Азаттық: – Қазақстандағы еңбек миграциясы құлдықпен, адам саудасымен қаншалықты тығыз байланысты?

Гүлнұр Идигеева: – Ең басты қатердің бірі осы. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары Қазақстанға келеді, тілді, заңды білмейді, кейбірі Ресейге жібермегендіктен еріксіз осында қалады. Кейбірі тіркелгісі келеді, бірақ бес күннің ішінде үлгермейді. «Алтыншы, жетінші күні неге бармадыңдар?» деп сұрасаң, «тәртіп бұзғанымды білдім, сондықтан көзге түспейін деп шештім» дейді. Мұндай жағдайда адам сату қаупі артады. Мигрантқа ақша төлемей-ақ қойса болады, оны полицияға ұстап берем деп қорқытады. «Қазір полиция шақырамын, сені уақытша қабылдау орнына апарады, сосын елден шығарып жібереді» дейді. Одан қорыққандар үндемейді. Солайша жасырын құрбандар саны арта береді.

Азаттық: – Егер мигранттардың өздері қорқатын болса, ондай оқиғалар жайлы қайдан білесіз?

Гүлнұр Идигеева: – Мемлекеттік мекемелермен, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасымен бірге жұмыс істейміз. Кейде Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өзі тікелей хабар береді, БАҚ бетінен, әлеуметтік желіден көрген жағдайды айтады, мысалы, Ақтөбе облысындағы жағдай сияқты. Түрлі арналардан ақпарат аламыз. Өзге елдердің үкіметтік емес ұйымдары көмек сұрайды. Хат жазып, достарын, таныстарын, балаларын, бауырларын іздейді, тексеруді сұрайды. Ішкі істер департаменті, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы арқылы өзіміз де іздейміз. Биыл адам саудасына байланысты жеті оқиғаны анықтадық. Оларды қазан айында үйлеріне қайтардық. Бұл жағдайда айыптыларды соттаған жоқ, өтемақы төлетті.

2017 жылы бірінші рет Ақтөбеде мигранттарды күштеп жұмыс істеткен адам қылмысы үшін жазаға тартылды. Бірінде жұмысшылардың еңбегін қанаған адам алты жылға сотталды. Ол үш әйелді ұзақ уақыт қара жұмысқа жеккен, ұрып-соққан. Екінші жағдайда айыпталушылар ер адам мен әйелдің еңбегін қанаған. Олар бес жылға сотталды.

Оңтүстік Қазақстанда мақта терген өзбек мигранттары. Қыркүйек айы, 2018 жыл

Оңтүстік Қазақстанда мақта терген өзбек мигранттары. Қыркүйек айы, 2018 жыл

Азаттық: – Айыпталушының жазадан сытылып кетуіне не себеп?

Гүлнұр Идигеева: – Көбіне жәбірленушілер өтемақыға келіседі. Кейде олар құлдықта жүргендерін сезінбейді. Істі жүргізіп, сотқа жеткізесің, процесс кезінде жәбірленуші «қанаушыны» көреді. Сосын қорқып, өз сөзінен бас тарта бастайды. Осындай бетпе-бет кездесудің бірінде айыпталушы былай деді «Саған қанша төлеймін дедім? 100 мың ба? Мә, ақшаны ал да, шағымыңды қайтып ал». Үш-төрт жыл еңбегі қаналған адам жүз мыңға келісіп тұр. Ол шағымын қайтарып алады, біз ештеңе істей алмаймыз.

Азаттық: – Яғни, көбіне екі жақ келісімге келеді ғой?

Гүлнұр Идигеева: – Иә, қылмыстық кодекстің осы тұсын өзгерту керек. Онда адам саудасы орташа санаттағы қылмыс ретінде көрсетілген, сондықтан бітімге келіп, істі жабуға болады. Мен оны ауыр қылмыс санатына өткізу керек деймін, ол үшін санкцияны кем дегенде алты жылға жеткізу керек. Ондай жағдайда тараптардың келісуі болмайды. Бітім жасалмай, бірнеше адам сотталса, адам еңбегін пайдаланушылар оңай құтылмайтындарын білетін еді.

Азаттық: – Осының бәрін ауыр қылмыс санатына өткізу үшін қандай жұмыс жасайсыздар?

Гүлнұр Идигеева: – Кездесуде, семинарларда айтамыз. Парламентке ұсыныс жіберілді, себебі мұндай жағдайлар көбейіп келеді. 2017 жылы полиция 1 386 000 шетелдікті тіркеген. Олардың 125 мыңы ресми түрде жұмыс іздеп келгендерін мәлімдеген, бейресми дерек бойынша бізде 300 мыңнан миллионға дейін еңбек мигранты жүр, олардың мәртебесі анықталмаған. Қабылдау-тарату орнында мигранттар әркез отырады. Олардың бәрі адам саудасының құрбанына айналуы мүмкін.

Азаттық: – Мұнымен тағы қалай күресуге болады?

Гүлнұр Идигеева: – Ықтимал құрбандар ғана емес, «біреудің еңбегін қанаушылармен» де түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, олардың арасында шаруа қожалығы жетекшілері бар. Былтыр прокуратура ұсынысымды қабыл алды. Төрт ауданда сондай жұмыс жүргіздік. Оларға қылмыстық жауапкершілік туралы айтамын, бітімге келуден бас тарту үшін күресу қажеттігін айтамын. Көп сұрақ түседі. Салық қызметі өкілдеріне қойылатын сұрақтар да көп. Азаматтар ресми түрде қалай рәсімдеу керек, [жұмысшыға] қандай жалақы тағайындау керек деп сұрайды. Түсіндіру жұмыстарынан соң статистиканы қараймыз. Мысалы, бір ауданда 600 шаруа қожалығы бар. Олардың семинарға дейінгі және кейінгі деректерін салыстырамын. Дерек бойынша, олар ақша төлей бастаған, демек, оң өзгеріс бар.

Азаттық: – Ол нені білдіреді? Сонда бұл адамдар біреудің еңбегін қанағанын бұған дейін білмеген бе?

Гүлнұр Идигеева: – Иә, түсінбеген. Сауапты іс жасап жүрміз деп ойлайды. Адам баспана сұрап келді, оған жақсылық жасадық, көмектестік дейді. Мынадай да жағдай бар: адамның құжатын жасауға көмектескісі келеді, бірақ құжатты ала алмайды. Ол құжат үшін жүгірмей, қоя салады, солай 20 жыл өтіп кетеді.

Тағы бір жағдай: Өзбекстан азаматы 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бес баласы бар. Балалардың біреуінде құжат жоқ. Жұмысшының өзі мен жұмыс беруші бес балаға құжат керек екенін, оларды оқыту керектігін түсінбейді. Себебі, жауапкершілік жоқ. Егер заңға жазсақ, тараптардың жауапкершілігі болады. Қолымызда әрекет етуге көмектесетін құрал болады. Мемлекет жағдай жасап, құқықты сақтауға міндетті болады.

Азаттық: – Заңға не жетіспейді деп ойлайсыз?

Гүлнұр Идигеева: – «Қиын жағдайға тап болған мигрант» ұғымын енгізу керек. Мысалы, бұрын бізде «адам саудасының құрбаны» деген ұғым жоқ еді. 2015 жылы енгізді, анықтамасын берді.

Енді «қиын жағдайға тап болған мигрант» деп адам саудасының құрбандарын, «тыйым салынғандарды», транзитпен жүрген мигрантты, кәмелет жасқа толмағандар мен әйелдерді, еңбек мигранттарын қосқымыз келеді. Заңға осындай ұғым енгізсек, іс жылжиды деп ойлаймын.

Заңда олардың құқығы мен міндеті көрсетіледі, қаржыландыру туралы, гуманды түрде қайтару процедурасы айтылады. Көші-қон заңнамасы мен әлеуметтік арнайы қызметтер туралы заңға осындай статус енгізілсе, оның соңынан басқа да өзгерістер жасалады. Мигрант тек пайда табу үшін емес, өз құқығын сақтайтын елге бара жатқанын біледі. Сол кезде тығылмай, ашық түрде жұмыс істейтін болады.

Дереккөз: Азаттық