«ҚазМұнайГаз» қызметкерлері коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінді

0

Қазір ұлттық компанияның екі қызметкері де үй жағдайындағы карантинге алынған, олардың бірі коронавирус жұқтырған науқаспен бір ұшақта болған

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы орталық аппаратының екі қызметкері коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінді. Абырой болғанда, екеуінің де тесті теріс нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан компанияның сайтына сілтеме жасап.

Компания хабарлағандай, бір қызметкер Франкфурттан Нұр-Сұлтанға коронавирус жұқтырған науқаспен бір ұшақта ұшып келген. Екінші қызметкер Нұр-Сұлтан қаласынан Алматы қаласына дейін осы ұшақпен ұшып барған.

«Қызметкерлер алгоритмге сәйкес COVID-19 бар-жоқтығын анықтау үшін тест тапсырды, оның нәтижелері теріс болып шықты», -делінген хабарламада.

Осылайша, екі қызметкер де коронавирус жұқтырмаған болып шықты. Қазір олар үйде карантинге алынды.

Компания қызметкерлердің Қазақстан аумағында, сондай-ақ шетелге іссапарға шығуына тыйым салынғанын атап өтті.

Әкімшілік қызметкерлердің кемінде 50%-ы қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысқан.

«2020 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша коронавирустық инфекция жұқтырған қызметкерлер анықталмады. Компанияның барлық кәсіпорны қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр», -деп атап өтті компаниядан.

Тағы оқыңыз: «ҚТЖ» компаниясының қызметкерлері коронавирус жұқтырғаны рас па – ресми жауап

Бұдан бөлек, мұнай мен газ өндіру, тасымалдау және мұнай өңдеу зауыттарында жұмыс қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалмайды, деп сендірді ҚазМұнайГаз.

Қазақстанда коронавирус

Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде тоғыз адам коронавирус жұқтырған: жетеуі Алматы қаласында, қалған екеуі Нұр-Сұлтанда.

Вирус жұқтырғандардың арасында он екі жасар бала бар. Ол Алматыға Германиядан ұшып келген.

16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір  таңғы 07.00 дейін күшінде болады.

Осыған байланысты азаматтар үшін ел аумағына кіру және шығу шектелді.

Ірі сауда ойын сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, фитнес орталықтар, бар, түнгі клубтар мен моншалар жұмысын тоқтатты. Супермаркеттер мен базарлар, дүкендер жұмыс істей береді.

Мектеп оқушылары дүйсенбіден бастап каникулға шықты.

Балабақшалар жабылған жоқ, бірақ баланы апару-апармауды әр ата ана өзі шешеді.



sputniknews.kz