Қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы тиіс
Мемлекет басшысының кезекті «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы сол бағдарламаның толықтырылған нұсқасы, жалғасы іспетті. Ұзақ мерзімге жоспарланған аталған жоба аясында ел ішінде көптеген шаралар өтіп жатыр. Мұндағы мақсат – халықтың санасын жаңғыртып, өркениетті қоғамға бет бұру. Мақалада айтылған әрбір бастама бойынша Алматыда да қолға алынып жатқан жұмыстар, жобалар аз емес. Соның ішінде мегаполистің ажарын айшықтайтын, тарихынан сыр шертетін бірқатар жобаларды қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбай Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымы үйінде өткен алқалы басқосуда таныстырды. Қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен жиынға шаһардың зиялы қауым өкілдері келді. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыда құны 97,7 млрд. теңге болатын 265 жоба мақұлданып, жүзеге асырылмақшы.
Жиынның алғысөзін алған қала әкімі Бауыржан Байбек:
– Атадан қалған мына жерді, тіл мен дәстүрді сақтап қалу өз алдына, қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы тиіс. «Рухани жаңғыру» болса осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналды, – деді.
Сонымен қатар, шаһар басшысы туризмнің дамуына көп көңіл бөлу керектігін айтып, туризм елдегі барлық аймақтардың экономикасына әсер ететінін тілге тиек етті.
Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» республикалық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне Алматы қаласынан алты нысан ұсынылып, бекітілді. Оның ішінде Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознесенск соборы, А.Байтұрсыновтың музей-үйі, Республика алаңы («Тәуелсіздік» монументі, «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші) және Үкімет үйінің ғимараты бар. Бұл ретте «Боралдай сақ қорғандары» қорымы айшықты жобаның бірі. Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Алдағы уақытта осы жерден дүниежүзілік сақ мәдениетінің орталығы деген аспан астындағы мұражай ашылмақ.
Бұдан өзге, Райымбек баба кесенесі қайта жөндеуден өтіп, сол аумақта қазақтың батырлық, әулиелік дәстүрінен сыр шертетін мұражай салынбақ. Аталған жерде мешіт ашу, алыс-жақын жерден келетін адамдарға арнайы түнеу орталығын салу жоспарда бар. Мешіттің аумағы 591 шаршы метр болмақ. Бұл – бірден-бір экспозициялық-танымдық жобаның бірі. Бүгінде Райымбек баба кесенесіне зиярат етуге шамамен 300 мыңнан астам адам келеді екен. Алдағы уақытта кесенеге келетін адамның санын 500 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мегаполистегі «Қазақфильм» аумағында заманауи этноленд кешені салынады.
Естеріңізде болса, бұрынырақта Алматыдағы Розыбакиев–Штраус көшелерінің қиылысындағы аумақтан Сақ қорғандары табылған болатын. Бұл жер сол кездегі «Казкоммерцбанктің» (қазір «Халық банкі» – авт.) иелігінде еді. Бүгінде аталған банктің басшылығы 1 гектарға жететін жерді қалаға сыйлапты. Алдағы уақытта Розыбакиев көшесінің бойынан Сақ мәдениетінен сыр шертетін мұражай ашу жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және қала жастарын қолдаудың Жол картасы аясында бұрынғы трамвай депосының орнында жастардың лофт-орталығы ашылған болатын. Бүгінде бұл жер қаладағы жастардан құралған 25 үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп отыр. Сонымен қатар, жиылған қауымға қайта жөндеуден өткен Орталық мәдениет және демалыс саябағының жаңа келбеті көрсетілді. Орталық саябақ аумағында жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, көгалдандырылды. Бұрын көлік тұрағы болған жерде спорт алаңдары, стрит-воркаут, баскетбол және футбол алаңдары, роллердром мен скейтодром пайда болған. Ескеретін жәйт, бұған дейін аталған демалыс саябағында қазақтың мәдениетінен, дәстүрінен сыр шертетін бірде-бір нысан болмаған екен. Қайта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған соң саябаққа екі жәдігер қойылмақ. Оның біреуі саябаққа кіреберіс жерге орнатылады. Ол – Алматы қаласының мыңжылдығын дәлелдейтін күміс теңгенің ескерткіші. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық күнтізбесінің ескерткіші жасалып жатыр. Күнтізбедегі жазулар руна және латын қарпімен жазылады. Бұл ескерткіш те саябаққа қойылады.